Accessibility links

Ресейде ОСК Екатерина Дунцованы президент сайлауына жіберген жоқ


Екатерина Дунцова
Екатерина Дунцова

Ресей орталық сайлау комиссиясы журналист Екатерина Дунцованы өзін-өзі ұсынушы ретінде қол жинауға жібермеді. Оның құжаттарында жүзден астам қате табылғаны хабарланды.

Атап айтқанда, бастама топ жиынының хаттамасы жиыннан кейін әзірленген деп айтылады. Бастама топтың мәлімдемесінде де қателер табылған: құжаттардың кейбірінде кей таңбалар дұрыс жазылмағаны хабарланды.

Бастама топты тіркеу жөніндегі орталық сайлау комиссиясының отырысы сенбі күні өткен. Отырыстан трансляция сәт сайын үзіліп отырған. Бастама топты тіркемеуді комиссия мүшелерінің бәрі қолдаған.

"Екатерина Сергеевна, сіз жассыз, бәрі алда. Кез келген кемшілікті артықшылыққа айналдыруға болады, тәжірибенің аты тәжірибе" деді ОСК төрайымы Элла Памфилова.

Ресейде президент сайлауы наурыздың ортасында өтеді. Мемлекеттік думада немесе аймақтық парламенттердің үштен бірінде өкілдері бар партиялар кандидаттар ұсына алады.

Өзін-өзі ұсыну үшін кандидат Ресейдің кемінде 40 аймағынан кемінде 300 мың қол жинау керек.

Дунцованың кандидатурасын Ресей оппозициясының көптеген өкілі қолдаған. ОСК мәліметінше, жалпы 29 кандидат құжаттарын өткізген.

Сайлауға қатысатынын Ресей президенті 71 жастағы Владимир Путин мәлімдеген. ЛДПР партиясы саяси ұйымның жетекшісі 55 жастағы Леонид Слуцкийді ұсынған. Коммунистік партияның 22 желтоқсан күнгі пленумы 75 жастағы мемлекеттік думаның депутаты Николай Харитоновтың кандидатурасын мақұлдады.

Мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты Борис Надеждин мен Донецкідегі ресейшіл сепаратистердің бұрынғы әскери жетекшісі Игорь Стрелков та сайлауға қатысуға ынта білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG