Accessibility links

Қытай қазағы Қастер Мұсахан өзін белгісіз төрт адам ұрып кеткенін айтты


Қастер Мұсахан.
Қастер Мұсахан.

Шыңжаңнан қашып келген босқын Қастер Мұсахан өзін белгісіз төрт адам соққыға жығып кеткенін хабарлады. Оның айтуынша оқиға 22 желтоқсанда кешкі 20 шамасында Алматыдағы "Дархан" ықшамауданындағы дәмханалардың бірінде отырған кезінде болған.

– Кеше кешкісін дәмханаға тамақ ішуге кіргенмін. Тамақ ішіп болғаннан кейін әжетханадан шығып келе жатыр едім, алдымнан бір жігіт шықты да қолымнан ұстай алып: "Есепшотты неге төлемейсің?" деді. "Қашып кеткен жоқпын. Осындамын ғой. Сен кімсің?" деп едім, "Мен осы дәмхананың қожайынымын" деді. Содан кейін ай-шай жоқ аузымнан ұрды. Сөйткенше болған жоқ, екі жігіт келіп екі қолымнан ұстап қайырып еңкейтті де соққының астына алды. Кейін жерге құлап түстім. Орнымнан тұрғызбай тепкіледі. Ешкім ажыратпады, – деді ол Азаттыққа.

Соққыға жығылған Қастер Мұсахан. Оқырман жіберген сурет.
Соққыға жығылған Қастер Мұсахан. Оқырман жіберген сурет.

Оқиғаға бір күн өтсе де Қастер ентігіп дұрыс сөйлей алмады. Қастермен бірге бірнеше жыл бұрын шекарадан қашып өткен Мұрагер Әлімұлы Қастер жөнінде "ол дұрыс демала алмайды. Қабырғасы сынған секілді" дейді. Қастердің қолындағы телефоны да сынған. Кешеден бері ешкіммен байланысқа шыға алмаған. Жедел жәрдем де шақыра алмаған.

– Қолында ешқандай құжаты жоқ. Босқын куәлік ештеңеге жарамайды. Содан кейін жедел жәрдемді қалай шақыру керегін де білмейді. Полицияға шағымданудан да қорқып отырмыз. Себебі, осыдан екі жыл бұрын мені түн ішінде ұрып кеткен кезде өзімді әуре-сарсаңға салудан басқа ештеңе жасаған жоқ еді, – дейді Мұрагер.

Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы 2019 жылы Қытайдағы қысымнан қорқып, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы арқылы шекараны заңсыз кесіп өткен. Екеуі Зайсан аудандық сотының шешімімен бір жылға қамауға алынған. Түрмеден шыққаннан кейін Қазақстан билігі оларға "босқын" мәртебесін берген. Алайда "босқын" куәлігінің Қазақстанда ешқандай құзіреті жоқ екенін айтқан олар Қазақстан билігінінен үшінші елге шығуға мүмкіндік беруді бірнеше жылдан бері сұрап жүр. Ал "заңсыз шекара кесті" делінген тағы бір қазақ Тілек Тәбәрікұлының да осы күнге дейін ешқандай құжат жоқ

Осыдан екі жыл бұрын, 2021 жылдың қаңтар айында Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлын да белгісіз біреулер ұрып кеткен еді. Бірақ күдіктілер сол күйі табылмады.

2017-2019 жылдар аралығында Шыңжаңнан бірнеше адам заңсыз шекара бұзып, Қазақстанға қашып келген. Солардың бірі Сайрагүл Сауытбайға билік босқын мәртебесін беруден бас тартты. Ол 2019 жылы маусымда отбасымен бірге Швецияға қоныс аударған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG