Accessibility links

Чехияда Карлов университетінде болған атыс құрбандарын еске алды


Қаралы күні атыс құрбандарына арналған мемориал. Чехия, 23 желтоқсан 2023 жыл.
Қаралы күні атыс құрбандарына арналған мемориал. Чехия, 23 желтоқсан 2023 жыл.

Чехияда 23 желтоқсан Прагадағы Карлов университетінің философия факультетінің ғимаратында болған атыс құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Шабуылдың салдарынан 14 адам қаза болды. Жұртқа оқ атқан 24 жастағы студенттің өзі де өлді. Бұл Чехияның қазіргі заманғы тарихындағы алғашқы қанды оқиға.

Сенбі күні бүкіл ел бойынша бір минут үнсіздік жарияланды. Қаза болғандарды еске алу үшін шіркеу қоңыраулары соғылды.

Әулие Вита соборында қаралы жиын болып, оған Чехия президенті Петр Павел мен өзге де басшылар қатысты.

Ойын-сауық шараларына тыйым салынып, Рождествоға арналған базарлардың жұмысы шектелді. Жұрт әр жерде ұйымдастырылған құрбандарды еске алу мемориалдарына гүлдер қойды. Атыстан қаза болғандардың отбасына және зардап шеккендерге қаражат жиналды.

Атыстан қаза болғандардың кейбірінің аты-жөні айтылды, арасында Музыкатану институтының жетекшісі Ленка Главкова бар. 25 адам жараланған, көбі ауруханада жатыр. Арасында Біріккен Араб Әмірліктерінен келген туристер де бар.

Шабуылдаушының жұртқа оқ атуға не түрткі болғаны белгісіз. Полиция оқиғаны қандай да бір террористік немесе экстремистік топпен байланыстырған жоқ. Дегенмен шабуылдаушы оқиғаға мұқият дайындалғанға ұқмайды: ол өзімен бірге бірнеше қару әкелген, оларды қолданып үлгермеген.

Полицияның мәліметінше, университеттегі атысқа дейін ол Прага түбіндегі үйде әкесін атып өлтірген. Полиция оны 15 желтоқсандағы екі адамның өліміне де қатысы бар деп санайды.

XS
SM
MD
LG