16 желтоқсандағы пикетке қатысқан Oyan, Qazaqstan белсенділерінің үшеуін полицияға шақырған.
Oyan, Qazaqstan телеграм-арнасының хабарына қарағанда, 25 желтоқсанда Бота Шәріпжан, Жанель Шахан, Равкат Мұхтаровқа Бостандық ауданының полиция басқармасына келуге тиістігі жөнінде шақыру қағазы тапсырылған.
"Құжатта әкімшілік құқық бұзушылық туралы айтылған. Біздің ойымызша, белсенділерді 16 желтоқсанда акцияға шыққаны үшін жауапқа тартқысы келетін сияқты" дейді қозғалыс арнасы.
Көп ұзамай Бота Шәріпжан мен Равкат Мұхтарованың үстінен әкімшілік хаттама толтырылғаны мәлім болды. Мұны адвокат Ғалым Нұрпейісов айтты. Оның сөзін журналист Данияр Молдабеков телеграм-арнасына жазды.
Адвокаттың сөзінше, белсенділерді Әкімшілік кодекстің 488- бабы бойынша ("рұқсат етілмеген жиынға қатысу") бабы бойынша соттап, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуы немесе 15 тәулікке қамауға алуы мүмкін.
Oyan, Qazaqstan! қозғалысының белсенділері Алматыдағы Республика алаңына барып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына тағзым етіп, "Ұмытпаймыз, кешірмейміз" деген плакат ұстап шыққан.
ПІКІРЛЕР