19 күн бойы хабарсыз кеткен ресейлік оппозиционер Алексей Навальный Ямало-Ненец автономды округындағы колониядан табылды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Кира Ярмыш хабарлады.
"Алексейді таптық. Ол Ямало-Ненец автономды округындағы Харп елдімекеніндегі түзеу колониясында. Бүгін оны адвокат көрді. Алексейде бәрі дұрыс" деп жазды ол желіде.
Желтоқсанның ортасында Навальныйды Владимир облысындағы колониядан алып кеткені ғана айтылған. Навальныйдың жақтастары оның қауіпсіздігіне алаңдап, желіде "Навальный қайда?" деген науқан бастаған.
Навальныйдың хабарсыз кетуі Ресейде сайлау науқанының ресми басталған уақытымен тұспа-тұс келген еді. Президент сайлауы жарияланған 7 желтоқсанда желіде Навальныйдың тобы халықты Путиннен басқа кез келген кандидатқа дауыс беруге шақырған.
Кремль сыншысы "алаяқтық" айыбымен Владимир облысындағы алтыншы колонияда жазасын өтеп жатқан. Ал биыл жазда Мәскеу қаласының соты оны "экстремистік" баппен 19 жылға қатаң түрмеге кескен. Навальный мен оның жақтастары бұл істердің "саяси астары бар" деп санайды және үкімдермен келіспейді.
ПІКІРЛЕР