Еуроодақ Венгрияның келісімінсіз Украинаға 20 млрд еуро көлемінде көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Financial Times басылымы жазды.
Басылым дереккөзінің айтуынша, несие рейтингісі жоғары Еуроодақ елдері жалпы бюджеттің көмегімен қаржы кепілдіктеріне қол жеткізбек. Бұл Еурокомиссияға Украинаға көмектесу үшін капитал нарығынан қажетті қаражатты алуға жол ашады.
Мұндай схема ЕО елдерінің барлығының мақұлдауын талап етпейді. Дегенмен кей елдерге кепілдік алу үшін парламентінің мақұлдауы керек. Еуроодақ бұл процедураны наурызға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Еуроодақ елдері Украинаға қысқа мерзімде арзан несие беруді де балама жол ретінде қарастырып отыр. Осындай схемамен Украина 2023 жылы 18 млрд еуро алған. Бірақ мұны ЕО елдерінің басым бөлігі қолдауы керек.
Financial Times-тің жазуынша, Украинаға Халықаралық валюта қорынан (ХВҚ) шамамен 900 миллион доллар болатын жаңа транш бөлу жағы ЕО шешіміне сәйкес анықталады. Бұл Киевке бюджет тапшылығын тудырмас үшін ақша басып шығармауға мүмкіндік береді.
14 желтоқсанда Венгрия Украинаға 50 млрд еуро көлемінде экономикалық көмек көрсету туралы құжатқа вето қойған. Енді ЕО бұл мәселеге 1 ақпанда өтетін кезектен тыс саммитте оралмақ.
ПІКІРЛЕР