Accessibility links

Ресейдің "Новочеркасск" кемесіне шабуылдан соң 33 теңізші жоғалып кеткені айтылды


Ресейдің «Новочеркасск» кемесі өртеніп жатыр. 26 желтоқсан 2026 жыл.
Ресейдің «Новочеркасск» кемесі өртеніп жатыр. 26 желтоқсан 2026 жыл.

"Астра" телеграм-каналы дереккөзіне сілтеме жасап, аннексиялаған Қырым түбегіндегі Феодосия портындағы "Новочеркасск" десант кемесіне Украинаның шабуылынан кемі 33 теңізшінің жоғалып кеткенін жазды.

Телеграм-каналдың ақпаратынша, 26 желтоқсанға қараған түні жасалған шабуыл кезінде кемеде 77 теңізші болған. Жоғалған теңізшілерден бөлек 19 теңізші жараланғаны айтылды.

Бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімет жоқ.

Ал Украина әскери-теңіз күшінің спикері Дмитрий Плетенчук Азаттықтың Украин қызметіне"Новочеркасскіге" шабуыл жасалған кезде кемеде 80-ге жуық адам болуы мүмкін деп айтты.

Плетенчуктің сөзінше, мұндай үлкен кеме ешқашан қараусыз қалдырылмайды.

Бұған дейін "Агентство" сайты шабуыл кезінде кемеде теңізшілер болғанын жазған. Жарылыс кезінде теңізшілер кемеден шығып үлгерген я үлгермегені белгісіз. "Новочеркасск" кемесінің экипажы 98 адамнан тұрады.

Ресей қорғаныс министрлігі кемеге шабуылдан қаза тапқандар жайлы айтпады. Ал аннексияланған Қырым басшысы Сергей Аксенов бір бейбіт тұрғын қаза тапқанын, төрт бейбіт тұрғын жараланғанын хабарлаған.

26 желтоқсан түні Қырым түбегіндегі Феодосия портында бірнеше жойқын жарылыс болған. Портқа Украина әскері "Новочеркасск" десант кемесіне ракетамен шабуылдағаны айтылды. Интернетте тараған фотоларда кемеден ештеңе қалмағаны байқалады. Алдын ала дерек бойынша, кемеге Storm Shadow/SCALP EG ракетасымен шабуылдаған.

Ресей қорғаныс министрлігі "Новочеркасск" кемесі Украина қарулы күштерінің шабуылынан зақымданды" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG