Accessibility links

ІІМ: "НеМолчи.kz" қорының жетекшісіне қарсы алты іс қозғалды


"НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Динара Смаилова
"НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Динара Смаилова

"НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Динара Смаиловаға (Таңсәрі) қарсы "Жалған ақпарат тарату", "Жеке өмiрге қол сұғу, дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу", "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. Бұл жөнінде polisia.kz сайты хабарлады. Істі Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полициясы жүргізіп жатыр.

Қылмыстық іске Таңсәрінің әлеуметтік желіде жариялаған зорлық-зомбылық құрбандары туралы және зардап шеккендерге көмектесу үшін ақша жинауға шақырған жазбалары түрткі болған деп айтылады. Тергеу кей жазбадағы ақпаратты жалған деп отыр.

27 желтоқсанда сәл ертерек Смаиловаға Қазақстанда іздеу жарияланғаны белгілі болған еді. Ізінше тергеу органдары оны қамауға алу туралы сотқа өтініш түсіргені хабарланды.

Бұған дейін Таңсәрі "НеМолчи.kz" қорының банктегі есепшоты полиция шешімімен бұғатталғанын айтқан. Ол Қазақстан адвокаттарынан қайтарымсыз көмек берулерін сұрады.

Өткен айда полиция "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Динара Смаилова мен оның жолдасына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған. Билік ресми түрде Смаиловаға қылмыстық іс жөнінде хабарламаған. Екі жылдан астам уақыт бойы шетелде тұрып жатқан құқық қорғаушы сол кезде қорға ақша аударған қазақстандықтарды полиция тергеуге шақырып, алаяқтық туралы арыз жазуға көндіруге тырысып жатқанын жазған. Құқық қорғаушының пікірінше, билік өзін қаралап, елде жазасыз қалып жатқан, кеңінен етек алған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жөнінде айтқан қорды жапқысы келеді.

XS
SM
MD
LG