Accessibility links

АҚШ Украинаға 250 млн доллар көлемінде әскери көмек береді


 Пентагон
Пентагон

АҚШ Украинаға 250 млн доллар көлемінде әскери көмек беретінін мәлімдеді. Бұл Америка қорғаныс министрлігінің әскери қорынан Киевке бөлінетін 54-көмек пакеті.

Пакетте әуе қорғанысына қажет қосымша құралдар, артиллериялық оқ-дәрі, танктерді жоятын құралдар және өзге де жабдықтар бар. Бұлар Украинаға Ресей басқыншылығына төтеп беруге көмектеседі, деп жазылған Пентагон хабарламасында.

Жаңа көмек пакетінде:

  • NASAMS зениттік ракета жүйесіне арналған қосымша оқ-дәрі;
  • Stinger зениттік ракеталары;
  • Әуе қорғаныс жүйесінің компоненттері;
  • HIMARS-қа қажет қосымша оқ-дәрі;
  • 155-105 мм калибрлі артиллериялық снарядтар;
  • Танктерге қарсы Javelin және AT-4 жүйелері;
  • 15 миллионнан астам оқ-дәрі бар.

23 желтоқсанда АҚШ президенті Джо Байден 2024 жылы ұлттық қорғаныс жүйесіне 886 млрд доллар бөлу жөнінде заңға қол қойған. Өзге жайттармен қатар заң Үнді-Тынық мұхиты аймағында Қытайды тежеуге - 11,5 млрд доллар, сонымен бірге Ресей басқыншылығымен күресіп жатқан Украинаға 800 млн доллар бөлуді қарастырады.

Байден қазан айында конгрестен мақұлдауын өтінген 106 млрд долларлық бюджет траншы қабылданбады. Бұл пакетте Украинаға – 61 млрд доллар, Израильге 14 млрд доллар көлемінде әскери көмек қарастырылған. Құжатты қолдамайтын республикашылдар шекарадағы қауіпсіздікті күшейту қажеттігін айтып отыр.

XS
SM
MD
LG