Accessibility links

Әзербайжан билігі екі айда валюта контрабандасы туралы іспен 8 журналисті тұтқындады


Журналист Шамо Эминов
Журналист Шамо Эминов

Әзербайжан соты журналист Шамо Эминовты үш айға қамау туралы шешім қабылдады. Ол тәуелсіз Kanal 13 интернет-телеарнада жұмыс істеген. Бұл туралы Азаттықтың Әзербайжан қызметі хабарлады.

Әзербайжанда биыл қараша-желтоқсан айларында осымен сегіз журналист ұсталып отыр.

Эминовтың ұсталғаны туралы хабарды Азаттыққа журналистің әйелі Дурдана жеткізді. Оның айтуынша, журналист 22 желтоқсанда үйден жұмысқа шығып, сол күйі оралмаған. Кешке Дурданаға полициядан хабарласып, Эминовтың дипломын бөлімшеге әкеп беруін сұраған.

«Дипломды алуға келген уақытта пәтердің астан-кестені шыққанын, күйеуімнің ноутбугы жоқ екенін білдім. Пәтерді тінткен екен» дейді Дурдана Эминова. Ол күйеуі контрабанда туралы іспен қамалғанын бірнеше күннен кейін білген.

Әзербайжан полициясы Kanal 13 телеарнасының осымен төртінші журналисін қамап отыр. Арна жетекшілерінің бірі Әзиза Оруджева 28 қарашада ұсталған. Оған да контрабанда айыбы тағылған.

2 желтоқсанда Kanal 13 тележүргізушісі Руфат Мұрадлы ұсталған. Kanal 13 телеарнасының жетекшілерінің бірі Теймур Керимов 12 желтоқсанда қамалған.

2023 жылғы 20–21 қарашада Abzas Media тәуелсіз жобасының үш жетекшісі ұсталған, ал желтоқсанда жобаның екі журналисі қамалды. Қазір олар тергеу абақтысында отыр.

Дүниежүзілік "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркіндігі рейтингісінде Әзербайжан 151-орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG