Accessibility links

Өзбекстанда суықтан жылыжайдағы көкөніс үсіп жатыр


Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі көкөніс пен жеміс-жидек нарығын зерттейтін EastFruit халықаралық ақпараттық порталы Өзбекстанда газ қысымы төмендеуінен жылыжайлардағы көкөністер үсіп жатыр деп дабыл қақты.

Басылым мәліметінше, миллиондаған доллар несие алған өзбек кәсіпкерлері Түркіменстан мен Ресей нарығынан жеңіліп жатыр. Себебі бұл елдерде газ арзан. Басылым сарапшылары өзбек билігінің жылыжайларды жылытуды көмірге алмастыру шешімі бұрыс шешім деген пікір айтады.

Өзбекстанда 12-20 желтоқсанда күннің бірден суытуы салдарынан және газ қысымы мен электр энергиясының төмендеуінен көкөністер зардап шеккен.

Бұхара облысындағы "Дилбек Давлат" кәсіпорнының жетекшісі Дадахан Ахматов 1 гектар жерге өсірген 80 тонна қызанақ бір сәтте үсіп қалады деп ойламағанын айтады. Кәсіпорынның газ төлемі бойынша қарызы болған. Жергілікті билік келіссөзге келместен, газ беруді тоқтатқан.

Кәсіпорын жылыжайды қазандықпен жылытып отырған. Бірақ 12 желтоқсанда электр энергиясын беруді де тоқтатқан кезде, оның егіні үсіп қалған. Дадахан Ахматов тығырыққа тірелген жалғыз кәсіпкер емес.

Дүниежүзілік банк Өзбекстанға энергетика секторындағы мемлекеттік саясатты реттеу мақсатында 46,2 млн доллар көлемінде грант бөлген. Бірақ бұған қарамастан өзбек билігі жылыжайларды көмірмен жылыту жөніндегі талабынан бас тартпай отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG