Accessibility links

"Жүздеген табыт әкелеміз". Тәжікстан президенті еңбек мигранттарының мәселесін айтты


Тәжікстан президенті 28 желтоқсанда парламентке жасаған кезекті жолдауында еңбек мигранттарының мәселесін қозғады.

"Мен мигранттардың өмірін өте жақсы білемін. Мыңдаған мигрант жұмыс істеу үшін елден кетеді. Кері біз олардың жүздеген табытын әкелеміз. Ол жаққа балаларына бір үзім нан табу үшін кетеді. Ал билікте және төменде отырған басшылар тек өзінің құлқынын ғана ойлайды", - деді Эмомали Рахмон.

Президент мәлімдемесінде мигранттар бойынша қандай да бір статистика келтірмеді, тек "мыңдаған адам" деумен шектелді.

Ресей билігінің мәліметінше, жыл сайын Ресейге Тәжікстаннан миллион адам жұмыс істеуге барады.

Кейінгі жылдары Ресейде еңбек мигранттарына қысым күшейген. Еңбек мигранттары тұратын орындарға басып кіру, топтап ұстау, депортациялау, ресейлік саясаткерлердің мигранттарды қаралаған мәлімдемелері мен сондай мазмұндағы БАҚ репортаждары Ресейде күнделікті көрініске айналды, деп жазды Азаттықтың Тәжік қызметі. Тәжік мигранттарының сөзінше, олар мұндай жағдайда өз елдеріне арқа сүйей алмайды.

"Тәжікстан тәуелсіздігінің 30 жылында тәжік мигранттарын қабылдайтын елдер санын көбейте алмадық және олардың еңбек ресурстарын қорғайтын тиісті шешім шығара алмадық", - деген тәжік президенті.

Эмомали Рахмон жүздеген тәжік азаматы өзге елдердің азаматтығын алып жатқандығына алаңдаушылық білдірген.

Биыл соңғы алты айда 87 мың тәжік азаматы Ресей паспортын алған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 13 мыңға көп.

Орта есеппен күніне 500 тәжікстандық Ресей азаматтығын алады.

XS
SM
MD
LG