Accessibility links

Ресей Украинаға қанатты ракета және дрондармен шабуылдады. Қаза болғандар бар


29 желтоқсанда Ресей әскері Украинаны қанатты ракета және дрондармен атқылады. Бұл жөнінде Украина қарулы күштері хабарлады.

Харьков мэрі Игорь Тереховтың айтуынша, қала С-300 және Х-22 ракеталарымен атқыланған. Оның айтуынша, қалада кемінде 12 орынға ракета түскен. Харьков облыстық әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубовтың айтуынша, қалада бір ер адам қаза болған. 8 адам жарақаттанған. Көлік құралдары электр энергиясы тапшылығынан қиналған.

Киевте 8 адам жараланып, ауруханаға жеткізілген. Қала мэрі Виталий Кличконың сөзіне қарағанда, жұрт бомбадан тығылатын "Лукьяновская" метро станциясының ғимараты бүлінген. Пойыздар бұл станцияға уақытша тоқтап жатқан жоқ.

Конотоп қаласында таңертеңгілік соққыдан үш адам жарақаттанған, деп хабарлады Сумы облыстық әскери әкімшілігі. Көп қабатты үй мен көліктерге техникалық қызмет көрсететін станция бүлініп, өрт сөндірілген. Билік ракеталармен соққы жасалғанын хабарлады.

Львовқа оннан астам дрон шабуылдады, деп хабарлады қала мэрі Андрей Садовый. Оның сөзінше, "қаланың маңызды инфрақұрылымдарының бірінен" өрт шыққан. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Одессада дрон бөлшектері көп қабатты тұрғын үйге құлап, өрт басталған, деп хабарлады облыстық әкімшіліктің жетекшісі Олег Кипер. Зардап шеккендер туралы мәлімет анықталып жатыр, деп жазды ол.

29 желтоқсанда таңертең Украинаның барлық аймағында әуе дабылы іске қосылды. Запорожье мен Днепрде жарылыс болғаны хабарланды.

Украинаның мониторинг арналары Полтова облысындағы Миргород қаласына, Кропивницкий, Кривой Рог және Киев облысына ракета жылжып бара жатқанын, кейбірінде жарылыс болғанын жазды.

Бұған қоса, ресейлік МиГ-31 жойғыш ұшағының ұшқаны жөнінде ақпарат пайда болды, онда да ракеталар болуы мүмкін.

Украинаны ракетамен жаппай атқылау әлі тыйылмаған: Ресей әскері жіберген қанатты зымырандардың көбі Украинаның батыс бөлігіне жылжып барады, деп жазды BBC-дің Орыс қызметі.

Ресей қорғаныс министрлігі шабуылға түсініктеме берген жоқ.

XS
SM
MD
LG