Accessibility links

ШҚО: Маралдыда халық наразы болған тағы бір қоғамдық тыңдау өтті


Қоғамдық тыңдауға наразылық білдіріп тұрған Маралды ауылының тұрғындары. Шығыс Қазақстан облысы, 28 желтоқсан 2023 жыл. Оқырман жіберген сурет.
Қоғамдық тыңдауға наразылық білдіріп тұрған Маралды ауылының тұрғындары. Шығыс Қазақстан облысы, 28 желтоқсан 2023 жыл. Оқырман жіберген сурет.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында кеше, 28 желтоқсанда ондаған адам алтын барлауға қатысты қоғамдық тыңдауға тағы да наразылық білдірді. Адамдар әнұран айтып, жергілікті биліктен қоғамдық тыңдау өткізбеуді талап етті. Бірақ әкімдік өкілдері жиналысты өткізді.

Наразылардың айтуынша, жиынға жүзге тарта ауыл азаматы қарсылық білдірді, тек төрт тұрғын қатысты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен аудандық білім бөлімінің басшылары ауылдағы орманшылар мен мектеп қызметкерлерін “жиналысқа қатысасыңдар деп қыспаққа алды” дейді олар. Бірақ қызметкерлердің көбі бас тартқанын айтады. Наразылар жер қойнауын барлау саласына еш қатысы жоқ білім бөлімі басшысы да ауылға келді, оның “келуінің өзі де қысым” дейді.

— Ешкімді міндеттеген жоқпын, орманшылар қарсы болып тұрды сол жерде. Міндеттесем кіргізбеймін бе? — деді ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов телефонмен Азаттық тілшісіне.

Ал білім бөлімі басшысы Бауыржан Елеубаев мән-жайды телефонмен айтудан бас тартып, жазбаша жауап беретінін айтты. Азаттық тілшісіне жаңалық жарияланғанға дейін жауап келген жоқ.

Мұрат Құсайыновтың айтуынша, 2015 жылдан бері жер қойнауына барлау жүргізіп келген Maralicha-Gold тау-кен компаниясының рұқсаты 31 желтоқсанда бітеді. Олар осы жиында барлауды тағы бір жыл созуға рұқсат сұраған.

“Кәсіпорынның жұмысын жалғастырып-жалғастырмайтыны қоғамдық тыңдаудың хаттамасы жарияланғаннан кейін белгілі болады. Хаттама 3 қаңтарда шығады” дейді Құсайынов.

Маралдықтар қоғамдық тыңдауларға көптен бойкот жариялап келеді, бірақ жиналыстар өткізіліп жатыр. Жиындарға әкімдік пен мүдделі компания қызметкерлері де қатысқан. Күршім ауданы әкімі Алматы Ақышов мұны растайды.

“Қоғамдық тыңдауға кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Биыл Алматы облысы Үлкен ауылында АЭС салу мәселесі талқылауынғанда басқа жақтың адамдары қатысқан” деген уәж айтады ол.

Алтын фабрикасын салғалы жатқан компанияның құрылтайшысы – "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген WSAM Group Ltd деген кәсіпорын. Оның қожайындары туралы дерек құпия. Бірақ кәсіпорын директоры Айдын Рамазанов, egov порталының құжаттарына сүйенсек, бұрынғы облыс әкімі Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес болған. Даниал Ахметовтің өзі бұған дейін Рамазановты танымайтынын айтқан. Ал фабрикаға қажетті аумақты игеретін "Maralicha” мен "Maralicha-Gold тау-кен компанияларына Шыңғыс Досмұхамбетов иелік етеді. Ол бұрынғы президент кеңсесінің іс басқарушысы, марқұм Темірхан Досмұхамбетовтің ұлы.

Маралды халқы кенді ашық әдіспен алып, цианидпен шаюға және алтын фабрикасын салуға екі жылдан бері наразы. Олар цианид суды ластайды деп алаңдайды. Сонымен бірге табиғаттың бүлінуіне қарсы. Ауыл адамдары осы бойынша президентке бірнеше рет үндеу жолдаған, бірақ мемлекет басшысы ашық жауап берген жоқ.

Халықтың наразылығынан кейін биыл жазда фабрика құрылысы уақытша тоқтатылған. Адамдар сонда да “салынып жатыр” деп алаңдаған. Мұрат Құсайынов “құрылыс жүріп жатқан жоқ” дейді.

Видео: Халық “бойкот” жариялаған қоғамдық тыңдауды әкімдік өткізді (20 желтоқсан 2023 жыл).

Халық “бойкот” жариялаған қоғамдық тыңдауды әкімдік өткізді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG