Ресей әскерінің 29 желтоқсанда Украина аумағына жасаған ракеталық шабуылынан кемі 20 адам қаза тауып, 130-дан аса адам жараланды. Бұл туралы Украина ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ресей әскері 29 желтоқсанға қараған түні және таңертең Украинаның Киев, Харьков, Одесса, Львов, Днепр, Запорожье қалаларын ракеталармен және дрондармен атқылады. Бүкіл Украина аумағында дабыл қағылды.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей шамамен 110 ракета атқанын айтты. Ол "Перзентхана, оқу орындары, сауда орталықтары, көпқабатты үйлер, жер үйлер, қоймалар, бақтар. Киев, Львов, Одесса, Днепр, Харьков, Запорожье және басқа қалалар" деп шабуылға ұшыраған жерлер мен қалаларды тізіп шықты.
Зеленский "Ресей бұл шабуыл үшін жауап береді. Ресейдің терроры жеңілуі керек және солай болады" деді.
Кейін Украина қарулы күштерінің бас командирі Валерий Залужный Ресей әскері 158 ракета мен дронмен шабуылдағанын, атылған зымырандардың арасында бес "Кинжал" баллистикалық ракетасы барын айтты.
Залужныйдың сөзінше, Украина тарабы Ресейдің 87 ракетасы мен 27 дронын атып түсірген.
Ресей қорғаныс министрлігі 29 желтоқсандағы мәлімдемесінде "Ресей әскері бір аптада Украинадағы әскери объектілерге 50 топтық және бір жаппай шабуыл жасады және мақсат орындалды" деді. Ведомство "шетелден жалданғандар орналасқан жерлерге шабуыл жасалғанын" да айтады.
Соғыс уақытында тараптардың мәлімдемесін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
ПІКІРЛЕР