Accessibility links

Маңғыстауда KMG-Security компаниясының ондаған жұмысшысы басшыларына үндеу жасады


KMG-Security күзет компаниясы жұмысшыларының видео мәлімдемесі. 29 желтоқсан 2023 жыл.
KMG-Security күзет компаниясы жұмысшыларының видео мәлімдемесі. 29 желтоқсан 2023 жыл.

29 желтоқсанда "ҚазМұнайгазға" еншілес KMG-Security күзет агенттігінің Жаңаөзендегі бөлімшесінің ондаған жұмысшысы басшылыққа наразылығын айтып, үндеу жолдады.

Олар филиал басшысы қызмет бабын асыра пайдаланды, ал кәсіподақ басшысы өз қызметін дұрыс атқармады деп, екеуін жұмыстан босатуды талап етеді.

"Зейнеткерлікке шыққан орган қызметкерлерін жұмыстан босатсын. "Өзенмұнайгаз" мекемесіне ауысым жалпы мамандықта шақырылсын" дейді олар.

Қызметкерлер талаптары жеті күн ішінде орындалмаса, жұмысты мәжбүрлі түрде тоқтататынын мәлімдеді.

Компания қызметкерлер үндеуіне әзірге түсініктеме бермеді.

KMG-Security (бұрынғы Semser Security, "Семсер") компаниялар тобы күзет қызметін көрсетуші мекеме ретінде 2000 жылы құрылған. Жаңаөзендегі бөлімшесінде 1200 адам жұмыс істейді.

Маңғыстау облысында желтоқсан басынан бері West Oil Software компаниясы жұмысшыларының ереуілі жалғасып жатыр. Жұмысшылар West Oil компаниясын "ҚазМұнайГаздың" мердігері Oil Transport corporation (ОТК) балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етеді. Өткен аптада жергілікті прокуратура West Oil Software жұмысшыларының ереуіліне қатысты "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Проуратура істің жай-жапсарын айтпады.

Ал жұмысшылар талаптары орындалмайынша ереуілді тоқтатпайтынын мәлімдеген.

Қазақстанда кейінгі бірнеше жылда жұмысшылар ереуілі жиі болып жатыр. Жұмысшылар негізінен еңбек жағдайын жақсартуды және жалақыны өсіруді талап етеді. Бақылаушылардың пікірінше, наразылық түрлі кәсіпорындар мен саладағы мәселелерге назар аудартудың негізгі жолына айналған. Кей компаниялар ереуілге қатысушыларды жұмыстан шығарып не қысқартқан.

XS
SM
MD
LG