Accessibility links

Украина әскері соққы жасаған "Новочеркасск" кемесінде 74 теңізші қаза болғаны хабарланды


Соққы жасалған "Новочеркасск" кемесі. 26 желтоқсан 2023 жыл.
Соққы жасалған "Новочеркасск" кемесі. 26 желтоқсан 2023 жыл.

Украина әскері соққы жасаған "Новочеркасск" кемесінде 74 теңізші қаза болған, деп жазды Ресейдің Қара теңіз флотындағы ақпараттық қамтамасыз ету бөліміне сүйенген "Новости Севастополя" сайты. Соққының салдарынан 27 теңізші жарақаттанған.

"Севастополь тәуелсіз арнасының" (НТС) хабарлауынша, Ресей теңіз әскери күштерінің бас қолбасшысы Николай Евменов Новочеркасск әкімшілігінің жетекшісі Юрий Лысенкоға қалада екі күндік қаралы күн жариялауды ұсынған. Бас қолбасшы сонымен бірге қаза болған теңізшілердің отбасына көмек беру мәселесін қарауды ұсынған.

Сәлден кейін "Севастополь тәуелсіз арнасының" сайтынан қаза болған теңізшілер жөнінде жаңалық алынып тасталды. "Агентство" сайтына берген сұхбатында арна директоры Диана Тырмус "шындыққа сәйкес келмейтін" ақпарат болғандықтан жаңалық өшірілді деп айтқан.

26 желтоқсан түні Қырым түбегіндегі Феодосия портында бірнеше жойқын жарылыс болған. Украина әскері порттағы "Новочеркасск" десант кемесіне ракетамен шабуылдағанын мәлімдеген. Кемеде 80 адам болуы мүмкін екені айтылған.

Бұған дейін Astra басылымы дереккөзге сүйене отырып "Новочеркасск" кемесіне соққы кезінде 77 теңізші болған болуы мүмкін деп жазған. Журналистердің мәліметінше, 33-і із-түзсіз жоғалған, 19 жарақаттанған. Шабуылдың салдарынан 64 жастағы порттың күзет қызметкері Надежда Толщина қаза болғаны хабарланды. Тағы төрт бейбіт тұрғын жарақаттанған.

"Новочеркасск" кемесі Феодосия портында тұрған. Жарылыс қуаты мен қираған нысандарға қарағанда кеме бортында әскери жүк болғанға ұқсайды. Мәскеу аннексиялап алған Қырымның жетекшісі Сергей Аксёнов бір адам өлгенін айтқан.

Шабуылдан кейін Украина президенті Украина қарулы күштеріне Ресейдің "Қара теңіздегі су асты флотын тиімді түрде толтырғанына" алғыс айтты. Ал Ресей ішкі істер министрлігі "Новочеркасск" кемесінің батқаны жөнінде хабарлаған Украина әуе күштерінің қолбасшысы Николай Олещукқа іздеу жариялады. Ресей қорғаныс министрлігі Феодосия портына шабуылдаған украиналық Су-24 жойғыш ұшағы атып түсірілгенін хабарлады.

XS
SM
MD
LG