Accessibility links

Кремль Ресейдің шетелдегі активтері тәркіленсе, Батыстың активтерін кәмпескелейтінін айтты


"Үлкен жетілік" елдері Ресей орталық банкінің тыйым салынған 300 млрд доллар активін тәркілеу туралы шешім қабылдаса, Ресейде кәмпескеленетін Батыс елдерінің активтерінің тізімі бар, деп мәлімдеді Кремль 29 желтоқсанда.

Ақпаратқа қарағанда, "Үлкен жетілік" елдері ақпан айында Ресейдің тыйым салынған активтерін тәркілеу амалдарын талқылайды. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Батыс елдерінің бұл бағытта кез келген қадамы халықаралық құқыққа қайшы және ғаламдық қаржылық жүйесін бұзады деді. "Ресей кәмпескелеуі мүмкін активтердің тізімі бар ма?" деген сұраққа Песков "иә, бар" деп жауап берді.

Желтоқсан ортасында Financial times басылымы Батыс елдері Ресейдің тыйым салынған активтерін кәмпескелеп, Украинаға беру амалдарын мұқият зерттеп жатыр деп жазған. "Үлкен жетілік" елдерінің отырысында АҚШ активтерді "халықаралық құқыққа сәйкес" кәмпескелеу жолы барын айтқан.

"Үлкен жетілік" және өзге елдер Ресейге басқыншылығын тоқтатуға түрткі болатын шара ретінде активтерін кәмпескелей алады" деп жазылған басылым танысқан АҚШ үкіметінің құжатында.

  • Батыс елдерінде Ресей орталық банкінің резервіндегі шамамен 300 млрд доллар бұғатталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG