Accessibility links

АҚШ мемлекеттік департаменті Израильге қару-жарақ партиясын сатуды мақұлдады


Газа секторында рейд жүргізіп жүрген ЦАХАЛ қызметкерлері
Газа секторында рейд жүргізіп жүрген ЦАХАЛ қызметкерлері

АҚШ мемлекеттік департаменті конгресті айналып өтіп, Израильге құны миллиондаған доллар болатын қару-жарақ партиясын сатуды мақұлдады.

Пентагонға қарасты қауіпсіздік жөніндегі агенттіктің хабарлауынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Израиль үкіметіне құны шамамен 147,5 млн доллар болатын әскери техниканы жылдам сату қажеттігін алға тартқан. Ақпаратқа қарағанда, шешімді АҚШ конгресінің мақұлдауы шарт емес.

Агенттіктің түсіндіруінше, мұндай шара "АҚШ-тың ұлттық мүддесіне сәйкес" қабылданып отыр.

9 желтоқсанда Блинкен кейбір Батыс елдерінде террористік ұйым деп танылған ХАМАС-пен соғысып жатқан Израильге осыған ұқсас көмек берген.

Кейінгі күндері Израиль әскері Газа секторының оңтүстігіндегі жиһадшыларға әуеден соққы беріп, танкілермен атқылап жатыр. ЦАХАЛ сонымен бірге сектордың өзге бөліктеріне де соққы жасап, Газада "ондаған террорист" қаза болғанын мәлімдеген.

ХАМАС-қа қарасты Газа денсаулық сақтау министрлігі Израиль әскерінің соққысы нәтижесінде кейінгі күнде 187 палестиналық қаза болғанын, 7 қазаннан бері 21 507 адам қаза болғанын айтты. "Бұл Газа халқының бір пайызы" деп жазды "Америка дауысы" сайты.

Израиль әскери қимыл аумағын ұлғайтқалы бері Газа секторында ондаған мың адам бас сауғалап қашқан. Халықтың үдере көшуі ауру-сырқау тарауын жиілетті. Үйсіз- күйсіз адамдарды қабылдау орындары толған, дәрі-дәрмек жетіспейді, жеке гигиенаны сақтау мүмкіндіктері шектелген, денсаулық сақтау жүйесіне қатты салмақ түсіп жатыр, деп жазды БҰҰ есебінде.

Халықаралық ұйымның айтуынша, Газа секторы гуманитарлық көмекке зәру. Ал Израиль Газа секторына келіп жатқан гуманитарлық жүктерге шектеу жоғын айтып, оларды таратуда мәселелер бар, деп жазды BBC-дің Орыс қызметі.

  • 7 қазанда жиһадшылар Израильдің оңтүстігіне шабуылдағаннан кейін Ихраиль армиясы Газа секторында әскери операция бастап, ХАМАС-ты жоятынын мәлімдеген. Сол кезде Израильде шамамен 1200 адам қаза болды, 800-і – бейбіт азамат. Жиһадшылар Израильде тұрған 250 адамды кепілдікке алды.
XS
SM
MD
LG