Accessibility links

Астанада белсенділерге сәлем-сауқат апарған Нұржан Қажығалиев 15 тәулікке қамалды


"Оппозиция митингісі өтеді" деген аумақта тұрған полиция көлігі. Астана, 25 қараша 2023 жыл.
"Оппозиция митингісі өтеді" деген аумақта тұрған полиция көлігі. Астана, 25 қараша 2023 жыл.

30 желтоқсанда Астана соты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен белсенді Нұржан Қажығалиевті 15 тәулікке қамады. Бұл жөнінде адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлады. Сот құжаттарына қарағанда, белсенді биыл 17 наурызда Еуропарламент алдында "саяси тұтқындар босатылсын!" деген жазуы бар "плакат ұстап, митингіге қатысқаны үшін" айыпталған.

– Астанада Ренко бизнес-орталығында Еуропарламенттің ғимараты бар. Соның алдында жәй плакатпен тұрған. Кеше соты болып, 15 тәулікке қамалды, - деді адвокат Азаттық тілшісіне. Оның сөзінше, қазіргі заң полицейлерге бір жыл ішіндегі "құқықбұзушылықтар бойынша хаттама толтыруға құқық береді".

Белсенді сотта тағылған айыптармен келіспеген.

50 жастағы Нұржан Қажығалиев осыдан бірнеше күн бұрын Астанада "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партияның мүшелері Әсет Әбішев пен құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты қолдап, абақтыға сәлем-сауқат апарған белсенділер арасында болған. Сот құжаттарына қарағанда, 29 желтоқсан кешке ұсталған.

Адвокаттың айтуынша, Нұржан Қажығалиев бұған дейін қазан және қараша айларында да "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабымен екі рет әкімшілік жазаға тартылған. Бірінде – "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі түрмедегі Марат Жыланбаевты қолдап, марафонға жүгірмек болған кезде және екіншісінде – аталған партияны тіркеу үшін өзге белсенділермен бірге әділет министрлігіне құжат тапсырғаннан кейін айыпталған. Қарашадағы акцияға қатысты шыққан сот қаулысында "акция Кенесары хан ескерткішінен басталып, орталық саябаққа дейін жалғасқаны" жазылған. "Киіміне плакаттар жапсырылған" белсенді "Марат Жыланбаевқа бостандық!" деп айқайлаған. Белсенді айыптармен келіспеген.

Қараша айында Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен жеті жыл түрмеге кесілген. Жабық өткен сотқа бақылаушылар қатыстырылмады. Жыланбаевтың жақтастары істің саясиланғанын айтады. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Нұржан Қажығалиев Жаңа жылды темір тордың ар жағында қарсы алатын белсенділердің қатарын толықтырды. Құқық қорғау топтары Қанды Қаңтар оқиғасының екі жылдығы жақындаған шақта билік белсенділерді қамай бастағанын жазған.

Қазақстанда азаматтық белсенділер "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деген айыппен жиі ұсталады. 2020 жылы қабылданған "бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп мақтаса, құқық қорғаушылар "жаңа заңда ескі шектеулер сақталып қалған" деп сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG