Accessibility links

Еуроодақ кеңесі Болгария мен Румынияны Шенген аймағына енгізуді мақұлдады


Урсула фон дер Ляйен
Урсула фон дер Ляйен

Болгария мен Румыния Шенген аймағына енді. Әуе және теңіз шекарасындағы бақылау 2024 жылдың наурыз айынан бастап алынады.

Дегенмен құрлық шекарасындағы бақылауды алу жөнінде келіссөз келесі жылы жалғасады, деп жазды Еурокомиссия сайты.

Румыния мен Болгарияның Шенген аймағына енуі "сауда және туризмді дамытуға" көмектеседі және "Еуропа нарығының бірігуіне жол ашады" деп жазылған хабарламада.

Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен бұл "Болгария мен Румыния үшін тарихи сәт және мақтан ететін күн" деп мәлімдеді.

"Күрделі жұмыс, мақсатқойғыштық және табандылықтарыңыздың арқасында осындай керемет жетістікке қол жеткіздіңіздер. Сіздердің арқаларыңызда Шенген аймағы ЕО азаматтарының игілігіне қарай мықты бола түседі" деді ол.

Болгария мен Румыния Еуроодақ құрамына 2007 жылы кірген. 2011 жылы Шенген аймағына мүше болу ниетін білдірген.

Бұған дейін олардың Шенген аймағына кіруіне Австрия мен Венгрия қарсы болған. Вена заңсыз көші-қон легінен қауіптенген, ал Будапешт Ресей газын тасымалдағаны үшін транзит салығын енгізгісі келген Болгариядан салықты алып тастауды талап еткен.

Шенген аймағы – ЕО-ның маңызды жетістіктерінің бірі саналады. Ол одаққа мүше Франция, Германия, Бельгия, Нидерланды және Люксембург арасында 1985 жылы үкіметаралық жоба ретінде басталған. Аймақ аумағы біртіндеп ұлғайып, қазір оған 27 ел кіреді. Аумағы 4 млн шаршы шақырым және 420 млн адамды қамтиды.

Болгария мен Румыния қосылғаннан кейін Шенген аймағы 4,5 млн шаршы шақырымға созылып, халқы 450 млн адамға жетеді.

XS
SM
MD
LG