Accessibility links

Ресейдің Белгород қаласына жасалған ракета соққысынан қаза болғандар 24 адамға жетті


30 желтоқсанда күндіз Ресейдің Белгород қаласына жасалған ракета соққысынан қаза болғандар 24 адамға жетті. Бұл жөнінде Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков мәлімдеді. Кейінгі мәлімет бойынша, 108 адам жараланған. 25-і ауыр жарақатпен федералдық клиникаларға түскен.

37 көп қабатты үй, 450-ден астам пәтер, бірнеше жеке үй, 50-ден астам көлік бүлінген.

Соққының салдарын жоюға 2 мың адам қатысты, арасында еріктілер бар, деп жазды губернатор.

31 желтоқсанда Белгородта әуе дабылы іске қосылды. Тұрғындарға бомбадан қорғанатын орындарға бару қажеттігі ескертілді.

Ресейдің бірқатар қалалары Белгород қаласына ынтымақтастық білдіріп, жаңа жылдық отшашуларды кейінге қалдырды.

БҰҰ-ның бас бас хатшысының өкілі Мәскеу бастамасымен шақырылған Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Ресей мен Украинаның бейбіт халқына соққы жасауға болмайтынын ескертті.

Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя Батыс елдерінің "қылмысқа қатысы бар" деп мәлімдеді. Батыс елдерінің өкілдері Мәскеудің айыптауын жоққа шығарып, "егер Ресей Украинаға басып кірмегенде Белгородта адамдар өлмес еді" деді. Небензя Ресейге неғұрлым қауіп-қатер көп төнген сайын Мәскеу оған соғұрлым қатаң жауап береді деді.

Украина әскері оқиғаға түсініктеме берген жоқ. Әдетте Киев Украина қарулы күштері Ресей аумағын атқылағаны туралы ақпараттарға түсініктеме бермейді. "Украинская правда" басылымы арнайы қызметтегі дереккөздерге сүйене отырып, Украина әскері әскери нысандарға шабуыл жасады, алайда Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің олақтығы салдарынан ракета сынықтары қала орталығына түсті деп жазды.

29 желтоқсанда Ресей әскері Украинаны қанатты зымыран және дрондармен жаппай атқылаған. Сарапшылар оны соғыс басталғалы бергі Ресей әскерінің ең ірі соққысы деп атады. Соққыдан шамамен 40 адам қаза болды.

31 желтоқсанға қараған түні Украинаның барлық аймағында әуе дабылы іске қосылды. Харьков облысында атыстың салдарынан үш адам қаза болды.

Харьковта 30 желтоқсан кешкі шабуылдың салдарынан шамамен 30 адам жараланған. 31 желтоқсанда Ресей әскері Харьковқа тағы дрондармен шабуылдап, қалада банк бөлімшелері, тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар бүлінген.

Американың Соғысты зерттеу институтының 30 желтоқсан күнгі хабарламасында 30 желтоқсанға қараған түні Украина күштері Мәскеу, Белгород, Тула, Тверь, Брянск қалалары маңындағы әскери және қорғаныс өнеркәсіптік нысандарға 70-тен астам дрон жібергенін жазды. Украина қарулы күштері сарапшыларының пікірінше, дрондардың көбі діттеген мақсаттарына жеткен.

  • Ресей Украинаға басып кіргелі бері БҰҰ мәліметінше, шамамен 10 мың бейбіт тұрғын қаза болған. Қаза болғандар саны бұдан әлдеқайда көп. Ресей аумағындағы атқылаулардың салдарынан ондаған адам өлген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG