Accessibility links

Ресей 1 қаңтарға қараған түні Украинаға 90 дронмен шабуылдады


1 қаңтарға қараған түні Украина аумағына 90 "Шахед" дроны шабуылдады, оның 87-сі құлатылды. Бұл туралы Украина әуе күштері хабарлады.

Одессада дрон қалдықтары құлаған жерде 15 жасар бала қаза тапты, үш адам жарақат алды деп хабарлады облыстың әскери әкімшілігін басқаратын Олег Кипер. Кемі үш көпқабатты үй, үш жеке үй және шаруашылық құрылыс нысаны бүлінген.

Львовта дрон шабуылының салдарынан Роман Шухевич мемориалды музейінде өрт шықты деп хабарлады Львов облысы әскери әкімшілігінің басшысы Максим Козицкий. Львов мэрі Андрей Садовый музей түгел жанып кетті деді.

Днепрде дрон кәсіпорындардың біріне құлаған, сөйтіп өрт басталған деді облыс әкімшілігінің басшысы Сергей Лысак. Тағы бір дрон электр желілеріне ілініп қалып, 1500 отбасы жарықсыз қалған.

29 желтоқсан күні Украина соғыс басталғалы ең ауыр атқылаулардың біріне ұшыраған. Салдарынан 40-қа тарта адам опат болған.

Осыдан кейін Ресейдің Белгород қаласына шабуыл жасалып, ол жақта 24 адам мерт болған. Украина әскері бұл шабуыл туралы пікір білдірмеді. "Украинская правда" басылымының құпия қызметтердегі дереккөзіне сілтеп, Украина әскері Ресейдің әскери объектілерін атқылаған, бірақ Ресейдің әуеден қорғаныс жүйесі дұрыс жұмыс істемей зымыран қалдықтары қала ортасына түсті деп хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG