Accessibility links

Жапонияда жер қатты сілкініп, цунами қаупі төнді


Жапонияда жер қатты сілкініп, билік адамдарға эвакуациялану қажетін ескертті, мыңдаған үй жарықсыз қалды, әуе және теміржол қатынастары бұзылды.

Reuters агенттігінің мәліметінше, магнитудасы 7,6 балл жер сілкінісі Жапон теңізінің жағасында биіктігі 1 метрге жететін толқын тудырды. NHK телеарнасының хабарлауынша, толқын үлкеюі ықтимал.

Жапон метеорология агенттігі Исикава, Ниигата және Тояма префектураларының жағалауында цунами қаупі барын хабарлады.

Ресейдің Қиыр Шығысындағы Владивосток пен Находка қалаларында да цунами қаупі бары хабарланды.

"Тұрғындар жаңа дүмпулерге дайын болуға тиіс" деді Жапония премьер-министрі Фумио Кисида NHK телеарнасында сөйлеген сөзінде. "Цунами қаупі бар аудандарда тұратын адамдарды мейлінше жылдам эвакуациялануға шақырамын".

NHK теңіз жағасындағы Сузу қаласында үйлер қалай бүлінгенін, Канадзава қаласында тұрғында дүмпу кезінде үстел астында отырғанын көрсетті.

Жер сілкінісі Токиода да сезілген. Коммуналды қызмет көрсететін Hokuriku Electric Power компаниясының мәліметінше, Исикава және Тояма префектураларында 36 мың отбасы жарықсыз қалған. Japan Airlines Ниигата және Исикава префектураларына апаратын рейстердің көбін тоқтатқан.

Жапония ядролық реттеу басқармасының мәлімдеуінше, Жапон теңізі жағасында орналасқан атом электр станцияларында ақау байқалмаған.

2011 жылы наурызда Жапонияның солтүстік-шығысында жер қатты сілкініп, цунами көтерілген. Көптеген қала бүлініп, 20 мың адам қаза тапқан. Фукусимадағы атом станциясында ядролық апат болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG