Accessibility links

Израиль Газадан бірнеше мың солдатын шығармақ


Израильдің Газада жүрген әскерилері. 1 қаңтар 2024 жыл.
Израильдің Газада жүрген әскерилері. 1 қаңтар 2024 жыл.

Израиль бірнеше мың солдатын Газа секторынан шығармақ. Елдің әскери басшылығының 1 қаңтарда таратқан хабарламасында алдағы бірнеше аптада Газа аумағынан бес бригада шығарылатыны айтылған. Яғни, ХАМАС радикал тобына (АҚШ, ЕО және Израильде террористік ұйым деп танылған) қарсы соғысып жатқан резервистердің бір бөлігі демобилизация жасалады.

7 қазанда Газа секторына бақылау орнатқан ХАМАС радикал тобы Израильге шабуылдаған еді. Осыдан соң Израиль ХАМАС тобына қарсы әскери операция бастаған.

Израильдің қорғаныс әскері операцияның басты мақсаты ХАМАС тобын Газадағы биліктен айырып, топты жою деп жариялаған. Бұл ел Газадан мыңдаған әскери шығарылса да, операцияның мақсаты өзгермейтінін мәлімдеді.

"Мақсатқа жету үшін ұзақ уақыт соғысу керек және біз оған дайынбыз" деді Израиль қорғаныс әскерінің баспасөз хатшысы, контр-адмирал Даниэль Хагари.

Израильдік басылымдардың жазуынша, ел әскері Газаның оңтүстігінде, соның ішінде ХАМАС тобы шоғырланған Хан-Юниске шабуылды үдетпек.

Израильдің Газаға құрлық операциясы екі айдан бері жалғасып жатыр. Бұл уақытта олар сектордың солтүстігіндегі біраз аумаққа бақылау орнатты. Бірақ Газаның бір бөлігі әлі ХАМАС тобының бақылауында. Радикал топ әлі 130-дан аса израильдікті кепілде ұстап отыр.

Қазан айының басында ХАМАС шабуылынан кейін Израиль Газаға ракетамен жаппай щабуыл жасап, кейін құрлық операциясымен бастаған. ХАМАС бақылауындағы жергілікті денсаулық сақтау министрлігі қазан айынан бері Газада 22 мың бейбіт тұрғын қаза тапқанын айтады.

Халықаралық гуманиралық ұйымдар секторда бейбіт тұрғындар үйінен айырылып, басқа жаққа қашуға мәжбүр болып жатқанын айтып дабыл қаққан. Әлем елдерінің басым бөлігі қақтығысты тоқтатуға шақырған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG