Accessibility links

Ресей Киев пен Харьковқа ракетамен шабуылдады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар


Ресейдің ракеталық шабуылынан зардап шеккен үй. Киев, 2 қаңтар 2024 жыл.
Ресейдің ракеталық шабуылынан зардап шеккен үй. Киев, 2 қаңтар 2024 жыл.

2 қаңтар түнде және таңертең Ресей Украина аумағын ракетамен жаппай атқылады. Негізгі шабуыл Харьков пен Киев қаласына жасалды.

Киев билігінің алдын ала мәліметі бойынша, қаладағы тұрғын үйге түскен ракетадан бір адам қаза тауып, 27 адам зардап шеккен. Жараланғандардың көбі ауруханаға түскен. Шабуылдан Киевте жарық пен су жеткізу жұмыстарында ақау болған.

Украина астанасының мэрі Виталий Кличко ракеталар азаматтық инфраструктура мекемелеріне түскенін, газ құбырлары бүлінгенін айтты.

Ал Харьковта бірнеше көпқабатты үйге ракета түскен. Бір адам қаза тауып, 40-тан аса адам жараланған.

Алдын ала дерек бойынша, Ресей "Кинжал" ракеталарымен шабуылдаған.

Ресей қорғаныс министрлігі бұл шабуылға қатысты ештеңе айтпады. Мәскеу мұндай шабуылдар тек Украинаның әскери объектілеріне жасалады дейді.

  • 29 желтоқсанда Ресей Украина аумағына ракетамен шабуылдан 30 адам қаза тауып, 160 адам жараланған. Ал 30 желтоқсанда Украина Ресейдің Белгород қаласын атып, 24 адам қаза болды, 100-ден аса адам жараланған. Осыдан соң Ресей президенті Владимир Путин Украинаға шабуылды үдету жайлы айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG