Accessibility links

Тоқаев былтыр да баспасөз мәслихатын өткізбеді. Көршілерде қалай?


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлегенін журналистер Бейбітшілік пен келісім сарайының баспасөз орталығындағы монитордан көріп, тыңдады. Астана, 27 сәуір, 2023 жыл
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлегенін журналистер Бейбітшілік пен келісім сарайының баспасөз орталығындағы монитордан көріп, тыңдады. Астана, 27 сәуір, 2023 жыл

Орталық Азияда жылды қортындылап немесе ірі саяси оқиғаларға орай кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізу үрдісі орнықпай келеді. Қазақстанның екінші президенті екінші сайлаудан кейін осындай баспасөз мәслихатын өткізетінін екінші рет айтқан. Қырғызстан басшысы БАҚ өкілдерімен осындай жиын өткізуді уақытты текке жұмсау деп есептейді.

Елде тіркелген шетелдік және жергілікті баспасөз өкілдерінің сұрағына жауап беріп, баспасөз мәслихатын өткізу сол мемлекеттің саяси бағыт-бағдары, экономикалық және әлеуметтік саладағы іс-әрекетін көрсетуде маңызды іс-шара. Бұл – билік пен қоғам арасындағы кері байланыстың да көрсеткіші. Басшылардың қоғамды толғандырған сұрақтарға жауап беруі соған қатысты шешімнің тезірек қабылдануына және ақпарат құралдарында алыпқашпа мәлімет емес, барынша бейтарап ақпараттың тарауына себеп болады. Ал жауабы табылмаған сұрақтар түрлі болжам, қауесет туғызады.

Мұндай жиынға барынша көп журналист жиналады. Ал брифинг шағындау, онда қалыптасқан жағдай немесе оқиғаға комментарий беріледі.

ҚОШ БОЛ, КОНФЕРЕНЦИЯ!

Былтыр 27 желтоқсанда Қазақстан президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли "ҚазАқпарат" агенттігіне сұхбат беріп, ел басшысының биылғы қызметін қортындылады. Ол президент әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің Ақордаға жолданған 53 мың 237 арыз, өтінішке жауап бергенін айтты.

Ел басшысының "жұмыс кестесінің тығыздығына" меңзеген баспасөз хатшысы президенттің 2023 жылы сегіз брифинг өткізгенін, төрт рет шетелдік және жергілікті БАҚ-қа сұхбат бергенін атаған.

Берік Уәли "Қазақстан президенті келесі жылы (2024 – ред.) қаңтар айының басында республикалық басылымдардың біріне еліміздің ішкі-сыртқы саясатын толық қамтитын көлемді сұхбат беруді жоспарлап отыр" деді. Кеше, 2 қаңтарда Берік Уәли президенттің "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбаты Egemen Qazaqstan газетінде жарияланады" деп жазып, Тоқаев пен Қамзабекұлының Ақордада отырған фотосын жариялады. Сурет кәсіби сұхбаттан гөрі, журналист президент қабылдауына келіп отырғандай әсер қалдырады.

Яғни, президент Тоқаев бұдан бұрын өзі екі рет айтқандай "үлкен пресс-конференция" – кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізбейтін сияқты. Ал басылымға берілетін сұхбат әдетте көмекші бөлімдер, баспасөз қызметі дайындаған мәтіннен ғана тұратыны белгілі.

НАЗАРБАЕВ ПЕН ТОҚАЕВ

Орталық Азияда басшылары кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізіп келе жатқан екі ел бар еді. Ал бола қалған баспасөз мәслихатының өзіне БАҚ өкілдері іріктеліп енгізілетінін, сұрақтар да сұрыпталатынын айту артық.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізіп тұратын. Ол ресми арналар арқылы "тікелей желіге" де шығатын. Онда да алдын ала әзірленген адамдар хабарласып, сұрақтан гөрі тілектерін білдіретін. Кейде Назарбаевтың баспасөз сұрақтарына жауап беруі бірнеше редактор, немесе журналиспен әңгіме түрінде ғана өрбитін. Баспасөз өкілдерімен кездесуде және "тікелей желіде" де өткір де тіке сұрақтар қойылған емес.

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Назарбаевтан билікті қабылдап алғаннан кейін маусым айында өткізілген сайлауда жеңіске жеткен. Осы шарадан соң ол баспасөз мәслихатын өткізген. Бұл жиынды кейбір ақпарат құралы "үлкен баспасөз мәслихаты" деп атады. Оған 66 ақпарат құралынан, соның ішінде 22 шетелдік медиа ұйымдар атынан 107 тілші қатысты. Жиында президентке 30-ға жуық сұрақ қойылғаны хабарланды. Бір сағаттан аса уақытқа созылған баспасөз мәслихатының соңынан президент Тоқаев журналистермен осындай кездесу "дәстүрге айналатынын" айтты. Содан бері төрт жылдан аса уақыт өтті, Ақорда баспасөз мәслихатын дәстүрге енгізбек тұрмақ, ырымын да жасамай келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 20 қарашада президент сайлауын қайта өткізген. Сол кезде президент Тоқаев үлкен баспасөз мәслихатын өткізуге уәде берген. Тоқаев сонда "Егер мені президент етіп сайласа, биыл жыл соңында, немесе алдағы жылдың басында үлкен баспасөз мәслихатын өткізуім керек" деген. Сол уәде сырғытылып келіп, былтыр күзде орындалатын сияқты да болған. Алайда одан да хабар болмай, ақыры президент Тоқаев 2023 жылды да кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізбестен аяқтап отыр.

ЖЭЭНБЕКОВ ПЕН ЖАПАРОВ

Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сайлауы мен алғашқы баспасөз мәслихатын өткізген 2019 жылы көрші Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков өзінің екінші һәм соңғы кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізген. Сол жылы желтоқсанда жылды қортындылаған оның БАҚ-пен кездесуі үш сағаттан аса уақытқа созылды. Оған 200 журналист қатысты, оның 92-сі шетелдік БАҚ өкілі болды.

Қырғызстан президенттері үшін қортынды баспасөз мәслихатын өткізу былтырға дейін шынымен дәстүр болды. Алайда Қырғызстанның іс басындағы алтыншы президенті Садыр Жаппаров енді мұндай жиын өткізбейтінін аңдатты.

Былтыр 18 желтоқсанда жергілікті "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында президент Жапаров кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізбеу себебін субьективті түрде түсіндіре кетіпті. Ол осыған қатысты тілші сұрағына "Құрылтайдан өткен баспасөз мәслихаты бар ма?!" деген риторикамен жауап берген. Айтуынша, бұрын өткізген кеңейтілген баспасөз мәслихаттарында медиа өкілдерінің "көбі интригалық сұрақтарға бейім" екенін байқаған. "Әлбетте мен мен бұл жерде журналистердің бәрі сондай деуден аулақпын. Дегенмен бір топ БАҚ өкілдері жалаң, тар шеңбердегі сұрақтар қояды. Сөйтіп баспасөз мәслихатының басым бөлігі тексерілмей айтылған сөздерді терумен өтеді. Менің де, журналистердің де уақыты босқа кетіп жатты" деген президент Жапаров. Ол бұрынғы мемлекет басшылары сияқты үш сағаттан аса баспасөз мәслихатын өткізіп көргенде осындай ойға тоқталғанын айтқан.

Қырғыз президенті мұндай жиынның орнын енді ұлттық құрылтай алмастырады деп санайды. Ал ұлттық құрылтайдың табиғаты баспасөз мәслихатынан басқаша. Биыл 15 желтоқсанда өткен құрылтайда президенттің халыққа есебі емес, халық өкілдерінің президентке өтініш, шағымы көбірек айтылған.

МИРЗИЯЕВ, РАХМОН ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Бүгінгі қоғамда кеңейтілген баспасөз мәслихаты нұсқасындағы кездесу, немесе қоғамда өрістеген мәселелерге тікелей жауап беру әлемнің көп елінде әдетке айналған. АҚШ-та бұл үрдісті отыз екінші президент Франклин Рузвельт 1933 жылы қалыптастырды. Америкадағы қауесеттерге радио арналардан сөйлеп, түсінік беретін мұндай форматтағы мәслихат "От басындағы әңгіме" (Fireside chats) деп аталды. Бұл елде осы дәстүр заманға cай форматпен әлі де жалғасып келді. Франция президенттері де Эмманюэль Макронге дейін (2017) 14 шілде, Бастилияны алынған күні кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізіп отырған. Германия канцлері болған Ангела Меркель де жазда парламент демалысқа кетер алдында журналистермен кездесетін.

Ресей басшысы Украинаға соғыс басталған 2022 жылы мұндай кездесуден тартынған. Былтыр Путин 14 желтоқсанда он жетінші мәрте кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізді.

Ал 2019 жылы 14 сағаттан аса БАҚ өкілдерімен кездескен Украина президенті Владимир Зеленский былтыр үш рет осындай жиынға қатысты. Ол осы елге Ресей басқыншылығы басталған 24 ақпан күні, 6 маусым – журналистер күні және 19 желтоқсанда жылды қортындылаған кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізді.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей шабуылы басталғанына бір жыл толғанда баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Киев, 24 ақпан, 2023 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей шабуылы басталғанына бір жыл толғанда баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Киев, 24 ақпан, 2023 жыл.

Орталық Азия елдері басшыларының көбі ресми кездесулерден соң брифинг өткізгені болмаса, кеңейтілген баспасөз мәслихатына немесе БАҚ-қа ашық сұхбат беруге шорқақ. Есесіне, жолдау арнауға шебер. Ал жолдау көбіне нұсқау беру, тапсыру, бағыттарды нақтылау түрінде болады және көрермендер – президент әкімшілігінің лауазымды тұлғалары мен депутаттар жолдауды оқып тұрған басшыға қошамет көрсетеді. Жолдаудың соңы жер-жерде "жолдауды қолдау" науқанына, "жолдаудағы мақсаттарды жүзеге асыру" жарысына ұласады.

Мәселен, президент Эмомали Рахмон былтыр 28 желтоқсанда Тәжікстан халқына жолдау арнады. Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев алдыңғы жылғы жолдауын желтоқсанның 20-сында жариялаған. Өзбекстан басшысы 2016 жылы билікке келгеннен бергі алғашқы сұхбатын 2017 жылы Қазақстанның "ҚазАқпарат" агенттігіне берсе, жергілікті БАҚ-қа алғашқы сұхбаты 2021 жылы "Янги Узбекистон" газетіне шықты.

Қазақстан президенті екі мәрте кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізуге уәде беріп, ол биыл да орындалмады. Ал Қырғызстан президенті биылдан бастап мұндай форматта БАҚ өкілдерімен кездесуден бас тартты. Қоғаммен кері байланыс деңгейін көрсететін кеңейтілген баспасөз мәслихаты осылайша Орталық Азияға орныға алмайтын түрі бар. Бұл аймақта режимдердің онсыз да оңып тұрмаған авторитар ел басқару сипатын одан сайын нығайта түседі.

(Автордың пікірі Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG