Accessibility links

Иранда болған жарылыстан кемі 103 адам қаза тапты


Керман қаласында жарылыс болған аймақ. 3 қаңтар 2024 жыл.
Керман қаласында жарылыс болған аймақ. 3 қаңтар 2024 жыл.

Иранның оңтүстігіндегі Керман қаласында болған екі жарылыстан кемінде 103 адам қаза тапты. Жараланғандар саны 170-ке жуықтады.

Иран басшылығы жарылысты "теракт" деп атады.

Оқиға әйгілі қолбасшы, Иран революция сақшылары корпусының бұрынғы командирі Қасим Сүлейманиді еске алу рәсімі кезінде болған. Сүлеймани 2020 жылғы қаңтардың осы күндері Ирак астанасы Бағдат маңында АҚШ әскері жүргізген әуе операциясы кезінде опат болған.

Иранның сот жүйесіне жақын "Мизан" ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жарылыс 3 қаңтарда Сүлейманидің бейітіне жақын маңдағы Керман қаласында болған. Тағы 170-тей адам жараланып, ауруханаларға жеткізілген айтылады.

Fars ақпарат агенттігі Керманның "Құрбандар гүлзарына" барар жолдардың бірінде "жойқын жарылыс" болғанын хабарлады. Mehr ақпарат агенттігінің хабарлауынша, артынша тағы да жарылыс болған.

"Кермандағы "Құрбандар гүлзарына" кіреберісте қылмыскер не қылмыскерлер тастап кеткен екі сөмке алыстан басқарылатын құрал көмегімен жарылды" деп хабарлады Tasnim ақпарат агенттігі.

Мұның алдында өткен Сүлейманиді еске алу шараларына өте көп адам жиналатын.

2020 жылы оны жерлеу рәсімі кезінде кептеліс болып, 56 адам қаза тауып, 200-ден аса адам жарақат алған еді.

Кезінде Ирандағы ең ықпалды адамдардың бірі болған, Тегеранның сыртқы саясаты архитекторларының бірі саналған Сүлеймани 2020 жылғы 3 қаңтарда Бағдат әуежайы маңында көлікте кетіп бара жатқан дрон шабуылынан қаза тапқан.

АҚШ әскері "Американың аймақтағы мүдделеріне шабуыл ұйымдастыруына жол бермеу үшін" Сүлейманиге қарсы "қорғаныс" шабуылын ұйымдастырғанын хабарлаған.

Сүлейманидің өлтірілуі АҚШ-тың қатаң санкциялары мен экономиканың құлдырауынан, үкіметке қарсы наразылықтан шатқаяқтаған діни режимге соққы болды.

Сүлеймани басқарған "Құдс" элиталық әскери тобы Иранның Ислам сақшылары корпусының шетелдік бөлімшесі саналады. АҚШ оны шетелдік террор ұйым қатарына қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG