Accessibility links

АҚШ Украинадан әскери тактиканы қорғанысқа өзгертуді талап етпегенін айтады


АҚШ президенті Джо Байден (оң жақта) мен Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) Вашингтонда. 2023 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден (оң жақта) мен Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) Вашингтонда. 2023 жыл.

АҚШ-тың мемлекеттік департаменті "Вашингтон Украинаға соғыстағы стратегиясын өзгертіп, қорғанысқа көңіл бөлуді сұрады" деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы ведомствоның ресми өкіліне сілтеме жасап, "Америка дауысы" хабарлады.

Желтоқсанда Politico журналы анонимді дереккөздеріне сілтеме жасап, "АҚШ Украинадан бүкіл аумақты азат ету идеясынан бас тартып, қорғанысқа көшуді талап ете бастады" деп жазған.

Миллер бұл ақпаратқа қатысты "Олай емес, бұл өтірік" деді.

Ал Ақ үй The New York Times газетінің "Путин соғысты аяқтау үшін келіссөз жүргізуге ишара білдіре бастады" деген ақпаратына пікір білдірді. АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби "Ресей президентінен ондай мүдде байқамадық. Ол келіссөздер жүргізуді қалайтын адамға ұқсамайды" деді.

Кирби Вашингтон Украинаға көмектесу үшін қосымша қаржы керек деп мәлімдеді.

Былтыр қазанда АҚШ президенті Джо Байден Конгресстен 106 млрд доллар сұраған, мұның ішінде Украинаға 61 млрд доллар көмек те бар. Өкілдер палатасындағы республикалықтар заң жобасын қолдамай отыр. Олар Ақ үйден миграция саясатын қатаңдатуды талап етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG