Accessibility links

Шымкентте полиция мен әкімдік Қаңтарда қаза болғандардың туыстарына алаңға бармауды ескертті


Жол бойында тұрған полиция қызметкері және полиция көліктері. Көрнекі сурет.
Жол бойында тұрған полиция қызметкері және полиция көліктері. Көрнекі сурет.

4 қаңтарда Шымкентте полиция мен әкімдік өкілдері Қаңтарда қаза болғандардың кейбірінің туыстарына 5 қаңтарда алаңға бармауды ескерткен. Азаттыққа келіп түскен видеолардың бірінде Шымкент қаласы әкімдігінің өкілі Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған 19 жастағы Нұрболат Алпамыстың әкесі Мұрат Әбдірайымовқа алаңға бармауға ескертіп жатқаны көрінеді.

"Бейбіт шеру өткізу туралы заңға сәйкес рұқсат етілмеген шараға қатыссаңыз, 15 тәулікке қамау немесе айыппұлы бар. Бізге соны ескерту қажет болды. Сіздер ертең бейбіт шеру жасауға ұсыныс енгізгенсіздер. Ішкі саясат басқармасы сіздерге рұқсат бермеді" дейді өзін Нұргүл Асылбекова деп таныстырған әкімдік өкілі.

Оның жанында полиция қызметкерлері тұрды.

Ал Мұрат Әбдірайымов видеода 5 қаңтарда ешқандай шеру жасамайтынын, тек Қаңтарда ет жақындарынан айырылған азаматтар алаңға барып, құрбандарды еске алып, Құран оқып қайтатынын, бұл митинг емес екенін айтады.

"Менің 19 жасар баламды сол жерде полицейлер атып тастаған. Құжаттарда барлығы жазылып тұр... Біз ертең айқайламаймыз. Мен ешқандай саяси ұйымда жоқпын. Қылмыскер емеспін. Бұрын сотталмағанмын. Ішпеймін, шекпеймін. Кәдімгі Қазақстанның азаматымыз. Мақсатымыз 2022 жылы 5 қаңтарда Қаңтар оқиғасы болды. Оқ атылды. 20 шақты азамат қайтыс болды. Соған байланысты біз алаңға барып, Құран оқимыз. болды. Оған тыйым жоқ шығар" деді Мұрат Әбдірайымов.

Алайда әкімдік өкілі бұлайша жиналғанның өзі "рұқсат етілмеген" шара болып есептелетінін меңзеп, оған қатысқандар әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін екенін айтты.

"Сонда сендер ертең шықсаңдар, қамаймыз деп тұрсыңдар ғой сонда?" дейді видеода Әбдірайымов оларға. "Біздің міндетіміз ескерту" деп әкімдік пен полиция өкілдері осыдан кейін кетіп қалады.

Шымкентте Қаңтарда қаза болған өзге азаматтардың туыстары да осыған ұқсас ескерту алған.

Бұған дейін Шымкент қаласының әкімдігі Қаңтар оқиғасында қаза тапқандарға арнап, ас бермейтінін мәлімдеген. Алматыда да Қаңтарда қаза тапқандардың туыстары жергілікті биліктен марқұмдарға арнап ас беруді талап еткен. Әкімдік мұндай іс-шараға бюджеттен қаржы бөлінбегенін алға тартқан.

Қаңтардың екі жылдығы қарсаңында елде бірқатар белсенділер ұсталып, қамалған.

Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қаза болған. Құқық қорғау органдары басында оларға да "жаппай тәртіпсіздік жасады" деген айып таққысы келген, бірақ іс дәлел жетпеуіне байланысты жабылып, кейін марқұмдар жәбірленуші деп танылған. Қаза тапқандардың ата-аналары бұған дейін биліктен 5 млн теңге өтемақы беруді және балаларының өлімін тергеуді талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG