АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен президент Джо Байден әкімшілігінің аймақтағы "қарқынды дипломатиясын" жалғастыру үшін 5 қаңтарда Таяу Шығысқа тағы сапарлайды. Мұнда Израиль үш айдан бері ХАМАС радикал тобымен соғысып жатыр. АҚШ, ЕО және Ұлыбританияда ХАМАС террористік ұйым деп танылған. Reuters-тің жазуынша, Таяу Шығыста соғыс ауқымы ұлғаюы мүмкін деген қауіп зорайған.
ХАМАС-тың Израильге тұтқиылдан шабуылынан бері (яғни, 7 қазаннан бері) Блинкен Таяу Шығысқа 5 қаңтар күнгі сапарын есептегенде төртінші рет сапарлайды. АҚШ мемлекеттік хатшысының сапары бір аптаға созылады. Блинкен Израиль, Батыс жағалау, Иордания, Катар, БАӘ, Сауд Арабиясы және Египетке барады. АҚШ мемлекеттік хатшысы сонымен бірге жолшыбай Түркия мен Грекияда да аялдайды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы аймаққа гуманитарлық көмекті арттыруға тағы шақыруы мүмкін. Америка дипломаты бұған қоса, соғыстан кейінгі Газаның тағдыры мәселесін де шешуді тездетуге күш салмақ. Бұл жөнінде Ақ үйдің баспасөз хатшысы Мэтью Миллер мәлімдеді.
Reuters Израиль мен көрші мемлекеттер арасындағы әскери қақтығыстың ұлғаю ықтималдығына назар аударады. 2 қаңтарда Ливан астанасы Бейрутта ХАМАС төрағасының орынбасары Салеха әл-Арури өлтірілгеннен кейін ираншыл "Хезболла" радикал тобының жетекшісі шиит милициясы "үнсіз қалмайды" деп мәлімдеген. Бірнеше күн бұрын Ливанның оңтүстігінде содырлар мен Израиль әскері арасында атыс болды.