Accessibility links

Пхеньян Оңтүстік Корея аралдарына қарай 200 снаряд атты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

5 қаңтарда таңертең Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяға жақын Пэннендо және Енпхендо аралдарына қарай артиллериялық 200 снаряд атты. Бұл жөнінде Оңтүстік Корея әскерінің ақпаратына сүйенген "Ренхап" агенттігі хабарлады.

Басылымның жазуынша, Сеул "Солтүстік Кореяның арандату талпыныстары айқын білініп жатқан шақта" Енпхендо аралындағы азаматтарына сыртқа шықпауға кеңес берген. "Ренхаптың" жазуынша, снарядтар буфер аймағына түсіп, ешкім зардап шекпеген.

Оңтүстік Корея әскері Пхеньянның қимылын "арандату" деп атап, тиісінше жауап беруі мүмкін екенін ескертті. Жұма күні түстен кейін Оңтүстік Корея әскері теңіз жаттығуларын өткізді.

Бұл Оңтүстік Корея аралдарында болып отырған алғашқы оқиға емес. 2022 жылы желтоқсанда Солтүстік Кореяның жағалау артиллериясы аралдарды атқылап, кейін оқиғаны "жаттығу" деп атаған. 2010 жылы қарашада Енпхендо аралында Солтүстік және Оңтүстік Корея әскері арасында артиллериялық атыс болып, адам өлімі де тіркелген.

Артиллериялық атыс пен әскери-теңіз жаттығуға тыйым салынған буфер аймағы 2018 жылы қыркүйекте екі Корей мемлекеті арасында жасалған әскери келісімге сәйкес құрылған еді. Ондағы мақсат – шекарадағы жағдайды ушықтырмау. Сеул барлау спутниктерінің ұшырылуына жауап ретінде келісімнің кейбір шарттарын орындамағаннан кейін Пхеньян 2023 жылы келісімнен толық бас тартқан.

  • 2023 жылы 28 желтоқсанда Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын әскер мен әскери өнеркәсіпке соғысқа дайындықты күшейтуге тапсырма берген. Ким Чен Ын Оңтүстік Кореямен бірігу мүмкін еместігін, себебі Сеул "өзіне қосу арқылы бірігу саясатын таңдады", ал "бұл бір ұлт, бір мемлекет және екі жүйесіне қайшы" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG