АҚШ президенті Джо Байден азаматтарды "Америкаға демократия киелі ұғым болып қала бере ме?" деген ең маңызды сұраққа жауап беруге үндеді. "Америка дауысы" сайты Джо Байденнің жұма күні Велли-Форджде сөйлеген сөзіндегі ең негізгі тұстарды санамалап өтеді.
АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Велли-Фордж – АҚШ тәуелсіздігі үшін соғыста құрлық әскері шоғырланған лагерь болған. Оған Джордж Вашингтон жетекшілік еткен. Әскер 1777 жылдың желтоқсаны мен 1778 жылдың маусымы аралығында осы жерді паналаған.
Байденнің айтуынша, Джордж Вашингтон "әлемдегі ең қуатты империяны (Британ империясын) жеңіп, биліктің шыңына жеткен". Оның билікте қалағанынша қалуына мүмкіндігі бар еді. Алайда ол ондай "Американы таңдаған жоқ". Себебі, өзі мен Американың Вэлли-Фордждағы әскері көксеген Америка басқа еді.
"Демократия Америкаға киелі ұғым болып қала бере ме? Бұл қазіргі кездегі ең маңызды сұрақ" деді Байден. Оның сөзінше, 2024 жылғы сайлауда америкалықтар өз таңдауын жасауға тиіс.
"Америка басшылары билікте қалуға тырыспайды. Біздің басшылар билікті халыққа өз еркімен тапсырады" деді ол.
"Америка сәтсіздікке ұшырайды дегенге сенбейміз. Американың жеңетініне күмәніміз жоқ. Америка патриотизмі дегеніміз де осы" деді президент.
АҚШ-та кезекті президент сайлауы 2024 жылы 5 қарашада өтеді. Бұл АҚШ тарихындағы 60-президент сайлауы болмақ. 2022 жылы 15 қарашада АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трамп сайлауалды кампаниясын бастағанын мәлімдеген. 2023 жылы 25 сәуірде де қазіргі президент Джо Байден өз кандидатурасын ұсынатынын жариялаған.
ПІКІРЛЕР