Accessibility links

БАҚ Алматы әуежайының топ менеджері ұсталғанын жазды. Компания мұны жоққа шығарды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан ақпарат құралдары 5 қаңтарда "Халықаралық Алматы әуежайы" компаниясының топ-менеджері Уфук Серт ұсталғанын жазды. Дереккөзге сүйенген ҚазТАГ агенттігі компанияның вице-президенті – әкімшілік басқарма жетекшісінің орынбасары, тегі түрік Уфук Серт "есірткі ісіне" байланысты ұсталғанын хабарлады. Істі ҰҚК жүргізіп жатқаны айтылды.

ҚазТАГ-тың жазуынша, әуежайда тінту жүргізіліп, Уфук Сертке қатысты сұрақтар туындаған. Тағы бір дереккөз агенттікке бір топ адам ұсталғанын айтқан.

Кейін Алматы әуежайының баспасөз қызметі Серт ұсталғанын терістеді. Дегенмен компания өкілдері "Халықаралық Алматы әуежайы" іс аясынде тергеу органдарына көмектесіп жатқанын айтты.

"Тергеу аяқталғаннан кейін ақпарат беріледі. Ішкі қызметтік тексеріс те жүргізіледі. Уфук Серт ұсталған жоқ. Ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" деді компанияның баспасөз қызметі.

"Халықаралық Алматы әуежайы" компаниясы акциясының 85 пайызы түріктің TAV Airports холдингісіне тиесілі. Ол акция пакетін Нидерландыда тіркелген Venus Airport Investments B.V компаниясынан 400 млн долларға сатып алған (2021 жылы $365 млн және 2023 жылы қосымша 50 млн доллар төлеген). Қазақстандық Forbes.kz басылымының дерегінше, Venus Airport Investments компаниясының ақырғы иесі – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев иелік ететін сингапурлық Steppe Capital Pte. Ltd компаниясы.

XS
SM
MD
LG