Accessibility links

Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель мерзімінен бұрын қызметінен кетеді


Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель Еуросаммитте. Бельгия, 14 желтоқсан 2023 жыл.
Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель Еуросаммитте. Бельгия, 14 желтоқсан 2023 жыл.

Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель мерзімінен бұрын қызметінен кетіп, Еуропарламент сайлауына қатысады. Еуропа кеңесінің жетекшісі және парламент депутаты қызметтерін қатар атқаруға болмайды.

Ақпарат құралдарына берген сұхбатында Мишель өзінің орнын басатын кандидаттың аты-жөні маусымның соңы мен шілденің басында жарияланатынын жеткізді.

Еурокеңес жетекшісі сайлауға Бельгияның либералдық "Реформаторлық қозғалыс" партиясының атынан қатысады. Ол партияға 2011-2019 жылдары аралығында жетекшілік еткен.

Мишель 16 шілдеде Еуропарламент мүшесі ретінде ант бергенге дейін қазіргі міндетін атқара береді. Егер ол уақытқа дейін кандидат анықталмаса, онда Еуропа кеңесі жетекшісі міндеті ЕО кеңесіне төрағалық ететін Венгрия өкіліне жүктеледі.

Бельгияда туып өскен Шарль Мишель 48 жаста. Ол 2019 жылы Дональд Тусктың орнына келген. Оған дейін саясаткер Бельгия премьер-министрі қызметін атқарып, елдегі ең жас үкімет жетекшісі атанған.

Шарль Мишельдің қызмет өкілеті 2024 жылы қарашада аяқталады. Еуропарламент сайлауы маусымның басында өтеді. Еуропа кеңесінің жетекшісі 2,5 жыл сайын ауысып отырады, дәл осы мерзімге қызмет өкілетін ұзарту мүмкіндігі бар.

XS
SM
MD
LG