Accessibility links

Азаматтық авиация комитеті АҚШ-тағы оқиғадан кейін Boeing 737 MAX ұшақтарына байланысты мәлімдеме жасады


Апаттық есігі әуеде жұлынып кеткен Boeing 737 Max 9 ұшағы.
Апаттық есігі әуеде жұлынып кеткен Boeing 737 Max 9 ұшағы.

АҚШ-тағы оқиғадан кейін Қазақстан азаматтық авиация комитеті елде пайдаланылатын Boeing 737 MAX 9 ұшақтарына байланысты мәлімдеме таратты.

6 қаңтарда Американың Орегон штатында әуеде Boeing 737 Max 9 ұшағының апаттық есігі жұлынып кетіп, ұшақ қайта қонуға мәжбүр болған. АҚШ азаматтық авиация федералдық басқармасы (FAA) 171 ұшақ тексерілетінін мәлімдеді. Әуе компаниясы аталған ұшақ түрін барлық рейстерден алып тастады. Ақпаратқа қарағанда, аталған ұшақ түрінің әрқайсысы мұқият тексеруден өткеннен кейін ғана ұшуға жіберіледі.

7 қаңтарда күндіз Қазақстан азаматтық авиация комитеті мәлімдеме таратып, Қазақстанның авиация әкімшілігі елде Boeing 737 MAX 9 ұшағын пайдаланып отырған компаниялармен және FAA, Boeing компаниясымен де байланыста отырғанын хабарлады. Қазақстан азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, елде Boeing 737 MAX 9 ұшағының бес данасы бар және барлығының ұшуға жарамды деген сертификаттары бар.

"FAA ұшуға жарамдылық туралы шұғыл директива шығарды (2024-02-51). Ұшуға жарамдылық директивасы автоматты түрде барлық B-737 MAX пайдаланушыларына қолданылады. Бұл директива орташа кабинаның апаттық шығу люгі орнатылған кез келген санатта сертификатталған Boeing компаниясының B737-9 үлгісіндегі әуе кемелеріне қолданылады. Қазіргі уақытта Қазақстанның пайдаланушылары әуе кемелерін апаттық шығу есіктерімен (апаттық шығу люкімен емес) пайдаланады, сәйкесінше директива осы әуе кемелеріне қолданылмайды" деп жазылған комитет хабарламасында.

Ақпаратқа қарағанда, Alaska Airlines әуе компаниясының B-737 MAX ұшағы Орегон штатының Портленд қаласынан Калифорнияға қарай ұшып шыққан. Ұшақтың апаттық есігі жұлынып кеткен кезде ұшақ әуеде 5 шақырым биіктікте болған. Жолаушылардың бірі жергілікті KPTV арнасына берген сұхбатында салонда "тоңазытқыштың еніндей" тесік пайда болғанын айтқан. Ұшақ 35 минуттан кейін әуежайға қайта оралған. Әуе компаниясы жолаушылардан ешкім зардап шекпегенін айтты.

FAA мәлімдемесінен кейін Turkish Airlines да Boeing 737 MAX 9 ұшағын тексеру үшін ұшақты рейстен алғанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG