Accessibility links

Чехия вице-премьері Прагада атыс болған күні жаңа жылдық корпоративке қатысқаны үшін кешірім сұрады


Мариан Юречка
Мариан Юречка

Жексенбі күні эфирде Чехияның вице-премьері әрі еңбек министрі Мариан Юречка 21 желтоқсанда Карлов уинверситетінде атыс болып, 14 адам өлтірілген уақытта жаңа жылдық кеш өткізгеніне тағы да кешірім сұрады. Оппозицияның бірнеше өкілі оны қызметінен кетуге шақырған.

iDnes хабарына қарағанда, еңбек министрлігінің қатысуымен өткен жаңа жыл кеші университетке шабуыл жасалып, адам өліп жатқаны белгілі болған соң да тоқтатылмаған. Куәгерлер сөзінше, Юречка университеттегі төтенше жағдайға байланысты үкіметтің шұғыл жиынына қатысып, жаңа жыл кешіне қайта оралған.

Юречка бұған дейінгі мәлімдемесінде атыс туралы хабарды кеш білгенін, жаңа жылдық корпоратив кешкі сағат тоғыз шамасында тоқтатылғанын айтқан. Университеттегі атыс күндізгі үш кезінде басталған, iDnes ақпаратына қарағанда жаңа жыл корпоративі түн жарымына дейін жалғасқан.

Телеарна эфирінде сөйлеген Юречка қызметінен кету мәселесін қарастыруға дайын екенін айтқан. Чехия премьер-министрі Петр Фиала болған іске өкінетінін, бірақ еңбек министрінің жауабына қанағаттанатынын мәлімдеді деп хабарлайды Seznam Zprávy.

  • Карлов университетінің философия факультетіне жасалған шабуыл Орталық Еуропаның қазіргі заман тарихындағы ең ірі шабуыл болған, 14 адам өлген. Оқытушылар мен студенттерге оқ атқан Карлов университетінің студенті өз-өзін өлтірген. Бұл оқиғадан соң Чехияда аза күні жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG