Қаңтардың сегізіне қараған түні және таңертең Украинаның бүкіл аумағында әуе дабылы қағылды. Ресей әскері түрлі зымыранмен атқылады, оның ішінде "Кинжал" да бар деп хабарлады Украина әуе қорғанысы.
Кривой Рог, Запорожье, Днепр, Харьков пен Хмельницкийге зымыран атылған.
Украина баспасөзі Кривой Рогта сауда орталығы қирағанын жазды. Әлеуметтік желіде видеосы жарияланды. Бұл қалада Ресей шабуылынан 20-дан астам үйге зақым келіп, бір адам өлген. Қала жарықсыз қалған. Алайда қала билігі жарықтың ажырағанын шабуылдан емес, ауа-райынан көрген.
Днепропетровскідегі жарылыс толқынынан микроавтобус аударылған. Шабуылдан өрт шыққан. Үш әкімшілік ғимаратқа, екі жанар-жағармай бекетіне, көпқабатты үйге және автомобильге зақым келген. 24 адам зардап шеккен, оның ішінде кәмелетке толмаған бес бала бар.
Запорожьеде тұрғын үйге зымыран түсіп, екі адам зардап шеккен. Қала түрлі бағыттан қанатты және баллистикалық зымыран ұшқан.
Ресей әскері Харьков қаласына кемі төрт соққы жасап, бір әйел зардап шеккен.
Украинаның Тelegram-арналары елдің батысындағы Хмельницкийге де шабуыл жасалғанын, әскери ұшақтар атқан қанатты зымыран тигенін жазып жатыр.
Украинаның оңтүстік аймақтық қолбасшылығы Одесса үстінен жеті "Шахид" дроны және Николаев облысында тағы бір дрон жойылғанын хабарлады.
Қаңтардың сегізіне Ресей қорғаныс министрлігі Белгород облысының үстінен Украинаның С-200 зымыранын, Донецк облысының үстінен сегіз дрон құлатылғанын жариялады.
ПІКІРЛЕР