Accessibility links

Ақтөбеде жедел жәрдем қызметінің IP-адресіне DDoS шабуыл жасалып, үш күн байланыссыз қалған


Ақтөбеде жедел жәрдем қызметінің ІР-адресіне DDoS шабуыл жасалып, облыс тұрғындары үш күн бойы жедел жәрдемге қоңырау шала алмай қалған. Жедел жәрдеммен байланыса алмағандар медициналық көмекті 109 және 112 нөмірлері арқылы шақыртқан.

Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Марат Жанқұлов техникалық қиындық қаңтардың бесі күні кешке басталғанын айтады.

– Бесінші қаңтар күні кешкі алтылар шамасында байланыс болмай қалды. Содан кешкі сегізге дейін байланыссыз отырдық. Бірнеше диспетчерді төтенше жағдай департаментіндегі 112 қызметіне жіберуге тура келді. Бұл жағдай сенбі, жексенбі күндері де қайталанды. Шұғыл қызмет болғандықтан бізге үш күн, үш сағат емес, тіпті үш секундтың өзі маңызды. Жедел жәрдемнің провайдері мәселені бірден шеше алмағандықтан әкімдік, прокуратура сияқты құзырлы органдардың бәріне хабар бердім, –дейді Марат Жанқұлов.

Ақтөбедегі жедел жәрдем бекетінің провайдері "Транстелеком" компаниясының мәліметінше, 103 қызметінің онлайн-ресурсына хакерлер DDoS шабуыл жасалған. Соның салдарынан бекетпен байланыс үзілген.

DDoS шабуыл (distributed denial of service) – "қызмет көрсетудің тоқтауы." Мұндай шабуыл кезінде онлайн-ресурсқа көп жақтан мақсатты түрде трафик жіберіледі, оған күші жетпеген онлайн-ресурс жұмыс істемей қалады. Яғни, цифрлық телефон нөмірлеріне қоңырау шалу мүмкін болмайды.

– Әр қызметке бөлінген IP-адрес болады. Жедел жәрдем бекетінің IP-адресі істемей қалған. Яғни, хакерлер шабуыл жасаған. Сол себепті жедел жәрдем қызметіне жаңа IP-адрес берілді. Мәселе толығымен шешілді, – дейді "Транстелекомның" Ақтөбе филиалы бизнесті дамыту жөніндегі директоры Қанат Сырлыбаев.

Жедел жәрдем шақыра алмаған ақтөбеліктер наразылығын жұмадан бері желіде жаза бастады. Ал жексенбі күні әкімдік уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұрап, қажет болған жағдайда 109, 112 нөмірлеріне хабарласуға болатыны туралы ақпарат таратты.

Шабуылды кім жасаған болуы мүмкін, бұл оқиға бойынша іс қозғалды ма, құзырлы орган өкілдері бұл жөнінде нақты ештеңе айтпады.

Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекетіне тәулігіне 1500-1800 адам хабарласады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG