Accessibility links

Қарағанды әкімдігі сот шешіміне наразы мүгедек әйелдің пикетке шығуына рұқсат бермеді


Қарағанды қаласындағы Қазыбек би аудандық сотының ғимараты.
Қарағанды қаласындағы Қазыбек би аудандық сотының ғимараты.

8 қаңтарда Қарағанды әкімдігі бірінші топтағы мүгедек Наталья Павлованың пикетке шығуына рұқсат бермейтінін хабарлады. Тұрғын үй дауына байланысты сот шешіміне келіспеген Павлова 12 қаңтарда пикетке шығатыны жөнінде әкімдікке хабарлаған. Павлова "сот әділетсіз болды, құқық қорғау органдары әрекет жасамай отыр" деп санайды.

Павлова пикетті қаладағы "бейбіт жиынға арналған орында" өткізетінін жазған. Алайда әкімдік тыйым салу себебін түсіндірмеген. Павлова бұған дейін Қарағанды әкімдігінің алдында тұрып, видео үндеу жасаған. Онысы әлеуметтік желіге шыққан.

Павлова Азаттыққа пикетке шықпасқа амалы қалмағанын айтқан.

- Қазыбек би ауданының азаматтық істер бойынша соты уәжімді дұрыс тыңдамады, істі асығыс-үсігіс қарады да, әділетсіз шешім шығара салды. Полиция мен прокуратураға да талабым бар. Пикетке мойныма арқан салып шығып, біздің билік мүгедектерді арқандап отыр деп айғай салмақ болдым. Билік шағымыма құлақ аспады, көптің алдында да айтқызбады, - дейді Наталья Павлова.

Қарағанды қаласының 41 жастағы тұрғыны, бүйрек дертіне байланысты бірінші топтағы мүгедек Наталья Павлова сот шешімі бойынша үйден шығарылуға тиіс.

Павлова онкология дертіне шалдыққан қарт әйелмен бір үйде тұрған. Ол әйел өзіне күтім жасаған Павловаға үйін беретіні жөнінде өсиет қалдырған.

Ал мұрагерлік құқығы күшіне енетін кезде куәгердің көз алдында жасалған өсиетті нотариустың тіркемегені белгілі болған. Павлова полицияға шағымданып, іс қозғалған. Бастапқыда Павлова жәбірленуші ретінде ашылған іс көп ұзамай жабылған.

Полиция нотариус өсиетті жазғанда куә болған адамды таба алмағанын, мерзімі өтуіне байланысты істі жапқанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG