Accessibility links

Ақтөбеде журналист Асқар Ақтілеу "жала жабу" бабымен сотқа тартылды. Оның үстінен мектеп директоры арызданған


Kazakhstan - Aktobe reporter Askar Aktileu
Kazakhstan - Aktobe reporter Askar Aktileu

9 қаңтарда Ақтөбе қаласының әкімшілік соты журналист Асқар Ақтілеудің үстінен Ырғыз ауданындағы гимназия дирекоры Гүлжайнар Нұрманованың "жала жапты" деген арызын қарай бастады.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы мектеп-гимназия директоры Гүлжайнар Нұрманова "жала жапты" деп журналист Асқар Ақтілеу мен Ардақ Ерубаеваны сотқа берген. 9 қаңтар күні Ақтөбе қаласының әкімшілік соты Асқар Ақтілеудің үстінен жазылған шағымды қарай бастады.

Журналист Асқар Ақтілеудің үстінен іс Әкімшілік кодекстегі "бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекомуникация желілерін пайдалана отырып жала жабу" бабымен қозғалған. Дауға себепкер болған жазба журналистің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жарияланған.

Сот отырысына директор Гүлжайнар Нұрманова мен оның адвокаты онлайн қатысты. Шағымданушы тараптың сөзінше, журналистер Асқар Ақтілеу мен Ардақ Ерубаева Instagram желісіндегі жеке парақшасында шындыққа жараспайтын ақпарат таратқан.

- Асқар Ақтілеу мектептің еден жуушысы Мөлдір Ғапиздің жұмыстан қуылуын Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ырғызға барғанда мектептің мәселесін баяндауымен байланыстырған. Ал шын мәнінде еден жуушы еңбек заңдылығын бұзды. 2023 жылы 13-14 қарашада жұмысқа келмеді. Сол себепті 22 қарашада жұмыстан шығарылды, - дейді директор.

Ал журналист Асқар Ақтілеу өзіне тағылған айыппен келіспейді. Оның сөзінше, облыс әкіміне мектептің проблемасын айтып, көп ұзамай жұмыстан қуылған әйел журналистен көмек сұраған. Қысым жасалып жатқанын хабарлап, жұмыссыз қалғанын айтқан. Журналист болған жайтты Instagram парақшасында жариялап, құзырлы мекемелерді белгілеген.

- Дауға журналистер араласқан соң Ырғыз гимназиясының еденін жуатын Мөлдір Ғапиз қайтадан жұмысқа алынды. Мен ешкімге жала жапқан жоқпын. Болған жайтты баяндадым. Көзіммен көргенімді айттым. Еден жуушы Мөлдір Ғапиздің тазалыққа қажетті жабдықтарды өз ақшама сатып аламын, мектеп дәретханасында су жоқ дегенін де өз құлағыммен естідім. Іштей жұмыссыз қаласың-ау дегенмін. Көп ұзамай ол жұмыстан қуылды, - дейді Асқар Ақтілеу.

Журналиске үстінен шағым түскенін, учаскелік инспектор 8 қаңтар кешкілік хабарлаған. Журналист заңгермен кеңесіп те, адвокат жалдап та үлгермегенін айтады.

Істі қарап жатқан судья Гүлзира Ақмолдина сот процесінен хабар таратуға келген журналистерді залға кіргізгісі келмеді. "Іс материалдарымен танысып үлгермедім, күте тұрыңыздар" деп дәлізге шығарып жіберді. Кейін тараптарды тыңдап, соттың 15 қаңтар жалғасатынын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG