Алматыдағы ауданаралық әкімшілік сот әнші Рахат Тұрлыхановқа әйелін ұрғаны үшін ескерту берді. Бұл туралы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап, "Информбюро" сайты хабарлады.
Іс материалдарындағы ақпарат бойынша, Рахат Тұрлыханов былтыр желтоқсанда үйінде жанжал шығарып, әйелін соққан. Сайттың жазуынша, сотта ол айыбын мойындап, өкініп, тараптардың татуласына байланысты істі тоқтатуды сұраған.
"Әйелі істе көрсетілген деректерді растаған және күйеуімен татуласқанын айтты. Тұрлыханов әкімшілік құқық бұзу фактісі бойынша айыпты деп танылып, ескерту алды" деп жазылған соттың хабарламасында.
Сот қаулысы әлі күшіне енген жоқ.
Басылымдар Тұрлыханов былтыр қазан айында да әйеліне қол көтергені үшін істі болып, ол кезде де екі тарап татуласқан.
Әнші Рахат Тұрлыханов – мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың інісі. Бұл – депутат Тұрлыхановтың жақындарымен болған алғашқы шу емес. Қазан айында оның ұлы Нұрасыл Болат заңгер Анна Черновой мен оның күйеуі Олег Черновты ұрды деген айыппен айыппұл алған. Желіде тараған видеода Нұрасыл Болат адамдарды боқтап, ұрып жатқаны байқалады.
Қыркүйекте Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлы Әкежан көшеде қызды итеріп, асфальтқа құлатқан еді. Дәулет Тұрлыханов бұл оқиғаны "отбасына жасалған кезекті ақпаратты шабуыл" деген.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық ең үлкен мәселелердің бірі саналады. БҰҰ дерегінше, елде жылына кемі 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады.
2019 жылы елде "отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы" заң жобасы жасала бастаған еді. 2021 жылы бұл жоба парламентте қаралып, бірақ заң жобасын кейін қайтарып алған.
Былтыр желтоқсанда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы үкіметке тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық заңнаманы қатаңдату бойынша заң жобасын дайындауды тапсырды.
ПІКІРЛЕР