Accessibility links

Эквадорда студиядағы тікелей эфир кезінде шабуыл жасалды


Эквадорда қарулы топ тікелей эфир кезінде телестудиядағы адамдарға шабуыл жасады, деп хабарлады BBC сайты.

Оқиға 9 қаңтарда Гуаякиль қаласындағы студиялардың бірінде болған.

Телеарна қызметкерлері микрофоннан алшақтатылып, еденге жатқызылған. Осыдан кейін трансляция үзілген.

Дүйсенбіден бері Эквадорда ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілерінің бірі түрмеден қашуына байланысты төтенше жағдай жарияланған.

Полиция Кито және Гуаякиль қалаларында арнайы операция жүргізіп жатыр. Телевизия орталығынан барлық қызметкер эвакуацияланған. Бірнеше күдіктінің ұсталғаны жөнінде хабар тарады.

Эквадор президенті Даниэль Нобоа "ішкі қарулы қақтығыс" жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Онда бірнеше қылмыстық топ "террористік топ" ретінде көрсетілген.

Гуаякилдегі университетте елдегі толқуға байланысты сабақ уақытша тоқтаған.

Елде төтенше жағдай жарияланғалы бері қылмыскерлер жеті полицейді кепілге алған.

Ресми дереккөзге қарағанда, түрмеден қашқан қылмыстық топ жетекшісінің аты-жөні Адольфо Масиас Вильямар. Лақап аты - Фито. Жексенбі күні таңертең полицейлер оны басқа камераға ауыстыру үшін келгенде камерасында ізім-қайым жоғалған.

Сейсенбі, 9 қаңтарда Риобамба қаласында да 40 тұтқын түрмеден қашқан. Арасында бір "есірткі бароны" бар.

Қазіргі кезде телевизия станциясының басып алынуы мен қылмыстық топ жетекшісінің түрмеден қашуы арасында қандай да бір байланыс бар-жоғы белгісіз. Алайда ол Эквадорда қауіпсіздік жағдайы нашарлағанынан хабар береді.

XS
SM
MD
LG