Accessibility links

Маңғыстауда қырылған аққулар 800-ден асты. Rixos Aktau қонақүйінде тексеріс басталған


Қырылған аққулар.
Қырылған аққулар.

Маңғыстау облысында қырылған аққулар 826-ға жетті, олар утилизацияланды, деп жазды экология вице-министрі Жомарт Әлиевке сүйенген жергілікті "Лада" басылымы. Министрліктің айтуынша, зерттеу кезінде Қаракөлге құятын сужібергіш жабдықтағы судың шамадан тыс ластанғаны анықталған. Осыған орай Rixos Aktau қонақүйінде жоспардан тыс тексеріс басталған.

"Қаракөлдегі аққулардың қырылуын зерттеуге Маңғыстау облысының экология департаменті белсене атсалысып жатыр. Маңғыстау облысы экология департаментінің қызметкерлері зерттеу кезінде Қаракөлге жіберіліп жатқан судың шамадан тыс ластанғанын анықтады. Осы деректер негізінде Rixos Aktau қонақүйінде жоспардан тыс тексеріс басталды. Тексерістен кейін заңды бұзғандарға тиісті шара қолданылады" деді Жомарт Әлиев.

Ақтаудың оңтүстік-шығысынан шамамен он шақырым жерде орналасқан Қаракөлде аққулардың қырылып жатқаны хабар 2023 жылы желтоқсан айының соңында тараған. Жуырда Маңғыстау облысының аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы 601 сыбырлақ аққу (Cygnus olon) өлгенін айтқан.

Ресми мәлімет бойынша, бастапқы тексеріс қорытындысы "аққулар құс тұмауынан өлген" болуы мүмкін екенін көрсеткен. Кейін мамандар "құстар жем таппай суықта қырылған" деген тұжырым жасаған.

Құстардың қырылуын тексеруге Қазақстан биоалуантүрлілікті
сақтау қауымдастығының орнитологтары жіберілетіні айтылды.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, жуырда Rixos Aktau қонақүйінен қара қошқыл су Қаракөлге ағып жатқаны жөнінде видео тараған, экологтар төгілген затты тексере бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG