Accessibility links

Жемқорлыққа қарсы агенттік: Сатыбалды мемлекетке 650 млрд теңге қайтарды


Қайрат Сатыбалды
Қайрат Сатыбалды

Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды мемлекетке 650 млрд теңгеден астам қаражатты қайтарды. 10 қаңтар күнгі брифингтен кейін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов Азаттыққа осылай деді.

– Жалпы мемлекетке қайтарылған сома 912 млрд теңге. Оның 650 млрд теңгеден астам қаражатты Қайрат Сатыбалды қайтарған, – деді Арман Тілеукенов.

"Жалпы Сатыбалды мемлекетке қанша қайтаруы тиіс?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына ол "әлі тергеп тексеру жүріп жатыр, бәрін сот анықтайды" деп жауап берді.

Оның сөзінше, қазір Қайрат Сатыбалдыға қозғалған "қылмыстық жолмен алынған кірісті жымқыру" фактісі бойынша бір қылмыстық іс сотқа жіберілген, "салықтан жалтару" бойынша тағы бір іс бойынша тергеп-тексеру амалдары аяқталмаған.

– Қайрат Сатыбалды түрлі жылжымайтын мүлік алған, шетелден де сатып алған. Ақшаны банк шоттарына және шетелге орналастырған. Бұл іс сотта, - деді журналистерге Арман Тілеукенов.

Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды 2022 жылы наурызда қамалды. Оған "Алдау немесе сенімге кіру арқылы мүліктік зиян келтіру" және "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ұрлау" баптары бойынша айып тағылды. Оған тағылған айып "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларымен байланысты. Ол аталған компаниялардың ірі көлемдегі қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. 2022 жылы қыркүйекте сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды. Ол қауіпсіздігі орташа колонияға жіберілген.

Былтыр желтоқсан айында жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалды шетелге шығарған 120 млн доллар елге қайтарылғанын хабарлаған. Дегенмен ведомство ақша қалай және қайдан қайтарылғанын айтпаған.

Назарбаевтың немере інісі Forbes Kazakhstan тізімі бойынша елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына кіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG