Accessibility links

Алматы маңында Алатау атты жаңа қала пайда болды. Ол арнайы экономикалық аймаққа кірді


Алматы облысының картасы.
Алматы облысының картасы.

Алматы облысындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар Алатау қаласына айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарда тиісті жарлыққа қол қойды.

Енді Алматы облысының Іле ауданы "Жетіген ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастырылмақ".

"Алматы облысы Іле ауданының Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылсын және оның атауы Алатау қаласы болып өзгертілсін" деп жазылған жарлықта.

2022 жылғы мәлімет бойынша, Жетігенде 25 мыңнан астам адам тұрған. Елді мекен Алматыдан 47 шақырым жерде орналасқан.

Бұған қоса, Алатау қаласының аумағы арнайы экономикалық аймақтың (АЭА) бөлігіне айналды. Қазақстан үкіметі арнайы экономикалық аймақ аумағын 30 мың гектардан 96,5 мың гектарға дейін ұлғайтып, оның атын Alatau арнайы экономикалық аймағы деп өзгерту туралы шешім қабылдады. Бұған дейін арнайы экономикалық аймақ G4 City деп аталған.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Алатау қаласының барлық аумағы және Қонаев қаласының бір бөлігі арнайы экономикалық аймаққа кіреді.

Жаңа қаланың жалпы аумағы – 88 мың гектар, халқы 52,7 мың адам деп айтылады. АЭА аумағында басым бағыттар бойынша жалпы құны 12,5 трлн теңге болатын 170-тен астам жоба жүзеге асырылмақ. 110 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатыны хабарланды.

Ұлттық экономика министрлігі сонымен бірге жаңа қала "жолдарды, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңартуға мүмкіндік беретінін" айтады.

2022 жылы Алматы облысы Алматы және Жетісу облыстары болып қайта құрылып, Алматы облысының орталығы Талдықорғаннан Қапшағайға ауыстырылған. Ізінше Қапшағай қаласы Қонаев болып өзгертілді. Ақмола облысында Қосшы қаласы пайда болды.

Жергілікті тұрғындар қалалардың атауы өзгергенмен тұрғындардың өмірінде ерекше оң өзгерістер жоғын айтады.

XS
SM
MD
LG