Accessibility links

Эквадорда президент қарулы топтармен қақтығыс басталғанын мәлімдеді


Эквадорда қарулы адамдар телеарнаға басып кірген сәт. 9 қаңтар 2023 жыл.
Эквадорда қарулы адамдар телеарнаға басып кірген сәт. 9 қаңтар 2023 жыл.

Эквардор президенті Даниэль Нобоа елде қарулы қақтығыс басталғанын мәлімдеді. Бұған жергілікті қылмыс тобының лидерінің түрмеден қашып кеткені себеп болды.

Елде қақтығыстан кемі он адам қаза тапқаны хабарланды. Қаза болғандар арасында полицейлер де бар.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Эквадордағы тәртіпсіздіктен зардап шеккендер жоқ деп мәлімдеді.

Эквадор астанасы Кито ортасына танкілер қойылған. Елдің қарулы күштерінің қолбасшысы Хайме Вела "бұйрықта көрсетілген әр террорлық топ әскерилердің нысанында" деп мәлімдеді.

Нобоа бұйрығында 21 топты көрсетіп, олардың көзін жоюды тапсырған.

Primicias сайтының мәліметінше, полиция тәртіпсіздікке қатысқан 18 адамды ұстаған.

9 қаңтарда маска киген бірнеше адам Гуаякиль қаласындағы TC Televisión телеарнасының кеңсесіне қарумен басып кіріп, бірнеше журналисті кепілге алған. Жағдай 15 минут бойы тікелей эфирде тараған. Кадрда атыс дауысы да естілген.

Кейін арнайы қызмет телеарна ғимаратын қоршғауға алып, шабуылдағандарды ұстағанын хабарлады. Associated Press агенттігінің жазуынша, күштік құрылымдар олардан қарулар мен жарылғыш заттар тәркілеген.

Бұған дейін қарулы топтар Гуаякиль қаласында полиция бөлімшелеріне, мектептер мен университеттерге шабуылдаған. Қарулы топ мүшелері полицейлер мен түрме қызметкерлерін ұрып жатқан видеоларды да таратқан.

El Universo газетінің жазуынша, Эквадорда түрмелерде бүлкі шығып, кейін террорлық деп танылған Los Choneros бандиттік тобының лидері Адольфо Масияс Вильямар түрмеден қашып кеткен соң ел президенті Нобоа төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат енгізген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG