Accessibility links

Экс-министр Мұхамедиұлы спорт мектебін заңсыз жекешелендірді деген күдікке ілінген


Арыстанбек Мұхамедиұлы сот залында тұр. 2023 жылдың сәуірі
Арыстанбек Мұхамедиұлы сот залында тұр. 2023 жылдың сәуірі

Қазақстанның бұрынғы мәдениет және спорт министрі болған, Ұлттық музейді басқарған Арыстанбек Мұхамедиұлы спорт мектебін заңсыз жекешелендіріп алды және бюджет ақшасын жымқырды деген күдікпен де тергеліп жатыр. Бұл туралы 10 қаңтарда жемқорлыққа қарсы қызметтың ресми өкілі Арман Тілеукенов айтты.

Бұған дейін Мұхамедиұлы Ұлттық музейдің директоры болып тұрған тұста "бюджеттен бөлінген 221 млн теңгені жымқырды" деген айыппен 8 жылға сотталған.

Кейін жемқорлыққа қарсы агенттік Мұхамедиұлы "Дипломат" қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алған деген күдікке ілінгенін де мәлімдеген. Бұл күдік бойынша іс соттың қарауында.

Мұхамедиұлы өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Экс-министр 8 жылға сотталған соң оның әйелі "пара беруге оқталды" деген күдікке ілінгені, адвокатының "алаяқтық және пара беруге итермелеу" күдігімен ұсталғаны хабарланған.

Жемқорлыққа қарсы комитет "Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету үшін адвокаты күдіктінің әйелінен 460 мың доллар алған" деп мәлімдеген.

Мұхамедиұлының адвокаты уақытша ұстау изоляторына қамалған, ал әйелі "аса ірі көлемде пара беруге оқталу" бойынша күдікті болып танылған.

Ресми ақпаратта Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты мен әйелінің аты-жөні көрсетілмеген. Ал сотта Мұхамедиұлының адвокаты Мұстахим Төлеев болған. Ашық ақпараттарда Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова деп көрсетілген.

Арыстанбек Мұхамедиұлы елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрғанда 2014-2019 жылдары мәдениет және спорт министрі болған. Оған дейін ол Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясын басқарды. Мұхамедиұлы министр кезінде кино, музей, театр, спорт саласында түрлі даулар болған. 2016 жылы Жүргенов академиясында оқыған студенттердің бірі Мұхамедиұлы "жыныстық бопсалау жасады" деп айыптаған еді. Ал Мұхамедиұлы бұл айыпты жала деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG