Accessibility links

Маңғыстауда аққулардың қырылуы: Қонақүй өкілі Қаракөлге "тазартылған қалдық су" төгілгенін растады


Маңғыстауда Rixos Water World Aktau қонақүйінің бас менеджері Серік Исағалиев аққулар жаппай қырылған Қаракөлге қонақүйдің қалдық суы төгілгенін растады. Алайда төгілген су "тазартылғанын" айтты.

Исағалиевтің айтуынша, "өңделген су" бірнеше тазарту сатысынан өтіп барып, су қоймасына құйылады. Ал ол жақтан көлге жіберіледі. Ол суды құйған кезде көл лайланып кетуі мүмкін екенін алға тартты.

Бұған дейін желіде Қаракөлге қара қошқыл сұйықтықтың төгіліп жатқаны жөнінде кадрлар пайда болған. Осыдан кейін Қаракөлге тазартылмаған қалдық су төгілуі мүмкін екені айтылды.

Маңғыстау облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының мәліметіне қарағанда, 21 желтоқсаннан бері үш апта бойы Қаракөлде аққулар жаппай қырылған. Олардың саны қазір 870-ге жетіп отыр.

Ресми мәлімет бойынша, бастапқы тексеріс қорытындысы "аққулар құс тұмауынан өлген" болуы мүмкін екенін көрсеткен. Кейін мамандар "құстар жем таппай суықта қырылған" деген тұжырым жасаған. Егер Қаракөлде аққулардың қырылуына қонақүй кінәлі екені расталса, оған айыппұл салынуы мүмкін.

Қаракөл – Ақтаудың оңтүстік-шығысынан шамамен он шақырым жерде орналасқан жасанды көл. 1967 жылы Маңғыстау атом-энергетика комбинатының тұндырғысы ретінде пайда болған. Республикалық маңызы бар Қаракие-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық резерватының ерекше қорғалатын табиғи аймағы саналады және Қазақстандағы ерекше қорғалатын орнитология орындарының қатарына кіреді. Жыл сайын көлде ондаған мың құс қыстап шығады. Бұл жерді Қызыл кітапқа енген 200-ден астам құс мекендейді деп айтылады.

Қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының "жұртшылығы" алдында сөйлеген кезде Қаракөлді "қайталанбас су қоймасы" деп атап, оны қорғауға үндеген.

Rixos Water World Aktau қонақүйі — "барлығы ішінде" атты жүйе бойынша істейтін Қазақстандағы алғашқы курорттық қонақүй. 2020 жылы тамызда ашылған. Ресми дерек бойынша, құрылысына 67 миллиард теңге қаржы кеткен нысанды ашуға Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан. Оны Қазақстан билігінің ұсынысымен Sembol Construction and Engineering компаниясы салған.

Бұған дейін Азаттық бұл қонақүйді салған 20 жылға жуық уақыт ішінде елдегі ең бай шетелдік кәсіпкерге айналған Феттах Таминже мен экс-президентті не байланыстыратыны жөнінде зерттеу жариялаған. Кәсіпкер мен президент 2000 жылдардың басынан бері таныс.

XS
SM
MD
LG