Accessibility links

Қорғаныс министрлігі Назарбаев ескерткішінің алынғанын "университет атауының өзгеруімен" түсіндіреді


Қоймада жатқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші.
Қоймада жатқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші.

Қазақстан қорғаныс министрлігі Астанадағы әскери оқу орнының алдындағы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін алып тастауға университеттің атауы өзгерген себеп деп отыр.

"Қорғаныс министрінің бұйрығымен "ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінің" атауы "ҚР Ұлттық қорғаныс университеті" деп өзгертілді. Осыған байланысты университет аумағында орналасқан ескерткіш Қазақстан қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайына көшіру туралы шешім қабылданды" деп жазылған министрліктің мәлімдемеде.

Министрлік ескерткіш қазір ведомствоға қарасты ғимаратта тұрғанын, дайындық шаралары өткен соң ескерткіш мұражайға қойылатынын айтады.

12 қаңтарда Астанадағы университет алдында тұрған Назарбаевтың ескерткіші алынып тастағаны белгілі болған. Интернетте тараған суреттерде бұл ескерткіштің қоймада жатқаны байқалады.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда наразылар әкімдік алдындағы Назарбаевтың ескерткішін құлатқан еді. Бұл оқиғаға дейін елде Назарбаев ықпалын сақтап отырған еді. Ел астанасы оның есімімен аталып, ел аумағында оған көше аттары беріліп, ескерткіштер орнатылған.

Сарапшылар кемі 238 адамның өмірін алған Қаңтар қырғынынан соң Назарбаевтың ықпалы төмендеп, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықпалы артқанын, елде Назарбаевтан арылу кезеңі басталғанын айтады.

Билік ел астанасына Астана атауын қайтарып, Конституциядан Назарбаевқа берілген "Елбасы" статусын, оны және отбасын қылмыстық қудалаудан сақтайтын мүмкіндіктерді алып тастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG